Орал қаласындағы Мәңгілік алау мемориалдық кешені күрделі жөндеуден өтуде
ОРАЛ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Орал қаласындағы Мәңгілік алау мемориалдық кешені күрделі жөнделуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімінің орынбасары Талғат Нығметовтің айтуынша, алаңды қалпына келтіру мен жаңғырту үшін бюджеттен 30 млн. 635 мың теңге бөлінген. Кешен аумағына әдемі қызыл тақтатас төселуде. 22 жарық шам орнатылып, гүлзарлар мен көгал алаңдар жасалады. Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтар тізіміне қоса ауған жерінде қаза тапқан 12 батысқазақстандықтың да аты-жөні жазылмақ. Сондай-ақ Кеңес Одағы және Ресей Батыры, батысқазақстандық Николай Майдановтың мүсінін орнату да көзделуде.
«ВТМ-Құрылыс» ЖШС атқарып жатқан бұл жұмыстар мамырдың 1-іне дейін аяқталмақ. Оған 100-ден астам адам жұмылдырылған.