Орал қаласының әкімі тұрғындар алдында есеп берді

Л. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласының әкімі Самиғолла Оразов тұрғындармен есептік кездесуін өткізді.

Орал қаласының әкімі тұрғындар алдында есеп берді

«Елбасы биылғы Жолдауында Тәуелсіздіктің 20 жылдығын той-томалаққа айналдырмай, атқарған істерімізді, қол жеткен табыстарымызды саралап, алдымызға айқын міндеттерді белгілеуіміз қажеттігін нақты тапсырды. Өткен 2010 жылдың басында, осындай есептік кездесуде және жыл ішінде бізге берілген қала тұрғындарының ұсыныс-тілектеріне ден қойып, орындауға тырыстық», деді қала басшысы. Бұдан кейін ол өткен жыл қорытындыларына тоқталды. Мәселен, 2010 жылы Оралда 62 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл алдыңғы жылғыдан 17 пайызға артық. Инвестиция көлемі 29 млрд. теңгеге жетіп, 19 пайызға өсті. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес 14 млрд. теңгеге 5 нысан пайдалануға беріліп, 300-ден астам жұмыс орны ашылды. «Жол картасына» сәйкес 22 жоба жүзеге асырылды. Барлық салада ілгерілеушіліктер бар.

Биылғы жылға да көлемді жұмыстар жоспарланып отыр. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында «Астана» шағынауданында қос үй бой көтермек, Оның бірі 75 пәтерлік жалгерлік-коммуналдық үй болса, екіншісі «Қазақстан тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылар үшін салынатын 90 пәтерлік ғимарат. Басқа да нысандар іске қосылып, қаланы абаттандыру, жол жөндеу, сумен, жылумен қамту желілерін тарту, электрлендіру, газдандыру жұмыстары жалғасады. Білім беру, мәдениет және спорт, халықты әлеуметтік қорғау саласында да айтарлықтай жұмыстар атқарылмақ.

Есептік кездесуге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, қала басшысының алдына жаңа міндеттер қойды.