Орал қаласының тұрғыны А.Жантұрсынова 104-інші жаңа жылын қарсы алып отыр
ОРАЛ. 1 қаңтар. ҚазАқпарат - Орал қаласының тұрғыны Ақжібек Жантұрсынова 104-інші жаңа жылын қарсы алып отыр.
Ғасырдан да ұзақ ғұмыр кешіп отырған кейуана ұлы Асқар мен келіні Розаның қолында. Келіні Розаның сөзіне қарағанда, соңғы кезде Ақжібек анасының денсаулығы жиі сыр бере бастады. Дегенмен көңілі сергек, тамақ ішуі, есте сақтау қабілеті жақсы.
Ол 1910 жылы Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданының Сарой ауылдық кеңесіне қарасты Дөңгелексор деген жерде дүниеге келген. Мәлке руының жәдік бөлімінен шыққан әкесі Асан бір басына жетерлік дәулеті бар орта шаруа болыпты. Бойжетіп келе жатқан кезінде кәмпескенің құрығына іліккен әкесі дүние-мүлкі тәркіленіп, жер аударылады. Ақжібек бауырларымен бірге өгей шешесінің қолында қалып, кейін барлығы Коминтерн (қазіргі Абай ауылы) колхозына қоныс аударады. Көп ұзамай Аманғали Жантұрсынұлымен бас қосып, дүниеге 5 ұл, 5 қыз әкеледі. Он баланы асырап-бағу үшін күйеуі екеуі аянбай еңбек етті. Жас кезінен қайратты болған Ақжібек әженің істемеген жұмысы жоқ. Соғыс кезінде ат-арбамен аудан орталығынан бөшке-бөшке май тасыды, шөп те шапты, астық та жинады. Қапшық-қапшық құм тасып, Коминтерннің іргесіндегі Қызылтаң елді мекенімен арадағы бөгет салу құрылысына да белсене араласқан.
Кейін отағасы екеуі өз алдарына ірі қара мал алып, зейнет демалысына шыққанша бақты. Аманғали ақсақал 1986 жылы 83 жасында өмірден өтті. Бүгінде екеуінен өрбіген 10 баладан 35 немере-жиен, 40 шақты шөбере тараған. Ал немене, шөпшектерінің санын әже анық білмейді.
«Жаңа жыл құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бақ-берекеміз арта берсін! Ең бастысы, ұрпақтарымыз аман болсын», - дейді жүз жасаған Ақжібек Жантұрсынова.