Орал қаласының тұрғыны, майдангер С. Данилин 100 жасқа қадам басты

Курск губерниясы Мовица ауылында дүниеге келген С. Данилин Ұлы Отан соғысына дейін мұғалім болды. Сталинград, Курск шайқастарын бастан кешіп, атақты «Багратион» операциясына қатысты. Кенигсберг қаласында соғысты аяқтаған Семен Данилин Алматы мен Қазақстанның басқа да қалаларында ішкі әскерлер қатарында ширек ғасыр қызмет етті. Орал қаласына қоныс аударғаннан кейін медучилищеде еңбек етті. Зайыбы Анна Павловнамен бірге Галина, Татьяна, Наталья сынды үш қыз тәрбиелеп өсірді. Күйеу балаларының бәрі әскери қызметкер болса, немерелерінің ішінен мұғалім де шықты.
Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов майдангердің үйіне арнайы келіп, оны мерейлі жасымен құттықтады. Жүз жасқа қарай қадам басса да, Семен Акимович әлі ширақ.
Шаһар басшысы сондай-ақ қалалық ардагерлер кеңесінің президиум мүшелері - бір топ ардагерлерді қабылдап, олармен емен-жарқын әңгімелесті.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағи Алдабергеновтің айтуынша, Орал қаласында күні бүгін 27 мың зейнеткер болса, соның 240-ы - соғыс ардагері.