Орал тұрғындары: Жаңбыр жауған сайын көшеміз суға толады
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласы «Жұлдыз» шағынауданындағы Ф.Оңғарсынова көшесі жаңбыр жауған сайын суға толатыны, оған жол салынбай отырғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.
Қала тұрғынының мәлім еткеніндей, бұдан екі жыл бұрын саяжайдағы баспаналары суға кеткендерге осы көшеден үй берілген.
Оның сөзіне қарағанда, Ф.Оңғарсынова көшесі 110-нан 128-үйге дейінгі аралық батпаққа батып жатыр.
— Біздің жанайқайымызды кім түсінеді? Саяжайдың балшығынан құтылдық па деп келгенде, жағдайымыз осылай болып тұр. Өзіміз судан қашып келіп едік. Жаңбыр жауса, суға кетеміз. Балаларымыз мектепке, балабақшаға бара алмайды. Жеке көліктеріміз кіре алмайды. Жол салынады деп уәде берілгенімен, орындалмай тұр, — дейді тұрғын.
Осыған орай Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.
Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі таңда «Жұлдыз» шағынауданында ішкі кварталдық автомобиль жолдарын реконструкциялау жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Бүгінде жолдардың бір бөлігіне асфальт-бетон жабыны төселсе, жекелеген учаскелерде қиыршық тас салынған. Қалған бөліктерінде құрылыс жұмыстары жоба бойынша жалғасатын болады.
— Тұрғындардың қолайлы жүріп-тұруын қамтамасыз ету мақсатында биыл уақытша шара ретінде Орал-Желаев автомобиль жолын орташа жөндеу барысында алынатын фрезерленген асфальт материалы «Жұлдыз» шағынауданындағы топырақ күйінде жатқан көшелерге төселеді. Бұл шешім жолдардың пайдалану жағдайын жақсартып, шаңды азайтуға және көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, — делінген ресми жауапта.
Әлеуметтік желіде жарияланған тағы бір бейнежазбада «Ескі әуежай» ауданы Жауынгер интернационалистер көшесінің тұрғындары К.Малин мен И.Коняхин көшелерінің қиылысында жаз мезгілінде жаңбыр жауған сайын, көктемде қар ерігенде су жиналатынын жеткізді.
Тұрғынның айтуынша, көшенің осы бөлігінде асфальт еңіске төселген, соның салдарынан әрдайым осындай коммуналдық мәселе туындайды. Тұрғындар хабарлаған кезде ассенизатор жіберіліп, суды сорып тұрады, бірақ бұл мәселені шешпейді.
Орал қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес аталған автомобиль жолы учаскесінде қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы көзделмеген. Алдағы уақытта автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеуге бөлінген бюджет қаражаты үнемделген жағдайда осы учаскеде тиісті жұмыстарды орындау мүмкіндігі қарастырылады.
Биыл Батыс Қазақстан облысында көктем де, жаз да жаңбырлы болып тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғындар кәріз суының жертөлеге құйылып жатқанын айтып шағымданғанын жазған едік.