Оралда 1200 орындық мектеп пен 320 орындық балабақша салынатын болады - Премьер-Министр сапары
ОРАЛ. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласының шеткері аймағындағы Самал көшесінде 1200 орындық мектеп пен 320 орындық балабақша салынатын болады. Бұл туралы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс басшысының айтуынша, аталмыш ауданда 20 мыңдай адам тұрады. Мұндағы балалар қаладағы сегіз мектепке қатынап оқиды. Бұл жылдың қолайсыз мезгілдерінде аса қиын. Осыған байланысты жаңа мектеп пен балабақша салу мәселесін «ҚПО б.в.» компаниясы қолдап, 20 млн. АҚШ долларын бөлді.
Облыс әкімінің мәлімдеуінше, осы маңнан тағы бір балабақша салынса, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту біраз шешілер еді. Бұл мәселені Премьер-Министр де қолдады.
Бұдан кейін Үкімет басшысы қаладағы орталық әмбебап дүкенінде болып, ондағы тауарлар бағасымен танысты.