Оралда 1384 жетім тұрғын үйге мұқтаждар қатарында
ОРАЛ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Орал қаласында 1384 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар тұрғын үйге мұқтаждар қатарында. Бұл туралы БҚО әкімдігінде кәмелетке толмағандар істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия отырысында айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің мәлім еткеніндей, биылғы шілдеде аталған азаматтар санатына жеңілдіктер қарастыратын «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға өзгерістер енгізілді.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиевтің айтуынша, осы өзгерістерге сәйкес жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар Ұлы Отан соғысы мүгедектері және қатысушылары сияқты, азаматтардың басқа санаттары алдында құқықтық жеңілдікке ие болып отыр. Биылғы 1 қарашаға дейін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 510 жетімді тұрғын үй кезегіне қойды. Қазіргі кезде қала әкімдігі тұрғын үйге мұқтаждар тізімін тексеріп, нақтылауда. Бұл жұмыс 15 желтоқсанға дейін аяқталады.
Соңғы үш жылда облыс орталығында жетім қалғандарға 164 пәтер берілді. Жыл аяғына дейін тағы үш коммуналдық үй іске қосылған кезде жетімдер мүддесі ескеріледі.
Облыс әкімінің орынбасары Б.Мәкен балалар үйлері түлектерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмыс жасауы қажеттігін атап өтті. Бұл ретте облыстық балалар құқығын қорғау басқармасы атына сын айтылды. Аталмыш мекеме жетім балаларға өз құқығын түсіндіруде жүйелі жұмыс жүргізбей отыр.
Комиссия отырысында сондай-ақ жасөспірімдер қылмысы және олардың арасындағы суицидтің алдын алу мәселелері де талқыланып, айтылған ұсыныстарға сәйкес мемлекеттік органдар басшыларына нақты тапсырмалар берілді.