07:29, 24 Мамыр 2013 | GMT +5
Оралда 5 пәтердің мемлекеттік тұрғын үй қорынан заңсыз шығарылуына байланысты қала әкімдігі қызметкерлерінің үстінен іс қозғалды
ОРАЛ. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Орал қаласы прокуратурасы берген мәлімет негізінде БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті

мемлекеттік тұрғын үй қорынан 5 пәтерді азаматтарға заңсыз жекешелендіру фактісі бойынша Орал қаласы әкімдігі қызметкерлерінің үстінен ҚР ҚК 307-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғады.
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 2011 жылдың қазаны мен 2012 жылдың маусымы аралығында қала әкімдігінің қаулысымен 5 қызметтік пәтерді сонда тұратын адамдардың жекешелендіруіне рұқсат берілген. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес ҚР азаматы ел аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан тек бір ғана пәтерді жекешелендіруге құқылы. Алайда аталған бес азамат бұдан бұрын да өздері тұратын пәтерлерін жекешелендіріп, «тақымдарына басып» алған болатын. Сондықтан олардың екінші рет берілген үйді жекешелендіруге құқылары жоқ-ты.