Оралда 53 тұрғынды 230 млн. теңгеге алдап соққан алаяқтар сотталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық соты адамдар тобымен ірі мөлшерде жасалған алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істің үкімін жария етті.
None
None

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бес әйел алдын ала сөз байласып, өзгелерді алдау және сеніміне кіріп, пайда табу мақсатында әрқайсысы атқаратын рөлдерін белгілеп, қылмыстық жоспар құрған.

Атап айтқанда, сотталушы Қ.Хафезова өзін жәбірленушілерге Орал қалалық әкімдігінің қызметкері ретінде таныстырса, ҚР Қызыл жарты ай қоғамы БҚО бойынша филиалының директоры қызметін атқарған К.Мырзағалиева қалалық әкімдікте орналасқан кабинетін берген. Ал З.Берқалиева, М.Тілепова, Ж.Бүркітова мемлекеттік бағдарлама бойынша жалға берілетін тұрғын үй алғысы келетіндерді іздестірумен айналысқан. Осылайша олар әкімдіктегі таныстары арқылы үй мәселесін шеше алатындықтары жөнінде жалған ақпар таратқан. Өз әрекеттерін заңды және ресми етіп көрсету мақсатымен келгендерге қажетті құжаттар тізімін ұсынып, жалған үй құжаттарын берген. Сонымен қатар үй алғысы келгендерден аталған мәселені шешу үшін ақша алған. Жалпы іс бойынша жәбірленушілер саны 53 болса, оларға келтірілген залал 230 млн. теңгеге жеткен. Орал қалалық сотының үкімімен Қ.Хафезова ҚР ҚК 175-бабы 1-бөлімі (ұрлық), 177-бабы 4-бөлімі «б» тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылды. ҚР ҚК 175-бабы 1-бөлімі бойынша қозғалған қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты қысқартылды. ҚР ҚК 177-бабы 4-бөлімі «б» тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша Қ.Хафизова мүлкін тәркілеумен бірге алты жыл бас бостандығынан айырылды. ҚР ҚК 60-бабына сәйкес Қ.Хафизованың бұрын алаяқтық бойынша сотталуына байланысты оған мүлкін тәркілеумен бірге жеті жылға бас бостандығынан айыру жөнінде түпкілікті жаза белгіленді. К.Мырзағалиева, Ж.Бүркітова, М.Тілепова, З.Берқалиева ҚР ҚК 177-бабы 4-бөлімі «б» тармағына сәйкес мүлкін тәркілеумен бірге бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтеуге сотталды. Тек З.Берқалиеваның кәмелетке толмаған екі баласын жалғыз өзі тәрбиелеуіне байланысты ҚР ҚК 74-бабы 1-бөліміне сәйкес сот оның жазасын өтеуді бес жыл мерзімге кейінге қалдырды.

Соңғы жаңалықтар