Оралда А.Малдыбаев атындағы қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театры өнер көрсетті
ОРАЛ. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ә.Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХ республикалық фестиваліне құрметті мейман ретінде келген А.Малдыбаев атындағы қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театры Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының сахнасында «Шығыстың қос саңлағы: Мәмбетов пен Айтматов әлемі» атты гала-концертін қойды.
Концерт басталар алдында театрдың бас директоры, музыкатанушы, композитор, Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Саламатов ізгі тілегін білдіріп, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырханов, облыстық қазақ драма театрының директоры Құжырғали Төлеуішев, бас режиссері Мұқанғали Томанов, театр труппасының жетекшісі Мұсағали Бектенов, Қыз Жібектің бейнесін сахнаға шығарған Айжан Қайыроваға дипломдар табыс етті.
«Манас» жырымен басталған концертте классикалық шығармалармен қатар Абай әндері, Қыз Жібектің ариясы орындалды. Әсіресе, Қырғызстанның халық әртісі, театр солисі Сталбек Алмасбековтің батысқазақстандық әнші, кезінде консерваторияда бірге оқыған досы Сырым Аманғалиевпен бірге Абайдың әнін шырқауы ерекше әсер қалдырды.
Қырғыз әртістерінің өнерін Ақ Жайық жұртшылығы жылы қабылдап, құрмет көрсетті.