Оралда «Ақжайық» шағынауданы қалай салынып жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Соңғы жылдары Орал қаласында жаңадан «Ақжайық» шағынауданы бой көтеріп жатқаны белгілі. Осы шағынауданда көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар құрылысы қалай жүріп жатыр? Kazinform тілшісі осы жөнінде білген еді.

үй
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Шағынауданда 76 көпқабатты үй бой көтермек

Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, «Ақжайық» шағынауданында 76 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жоспарланса, соның 25-і мемлекеттік бюджет есебінен салынады.

Сондай-ақ мұнда білім, денсаулық сақтау, мәдениет және өзге де әлеуметтік және бизнес нысандар, демалыс аймақтары пайда болады. 

Орал қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Абзал Жұмалиевтің мәлім еткеніндей, аталмыш шағынауданда 390 пәтерлік 5 тұрғын үйдің 2024 жылы құрылыс жұмыстары аяқталды.

орал
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Биылғы бірінші тоқсанда «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер кілтін табыстау жоспарланған. Сонымен қатар тағы 3 көппәтерлі тұрғын үй бойынша пәтер иелерін анықтау жұмысы жүріп жатыр. 

— Қазіргі таңда аталған шағынауданда тоғыз қабатты 2 тұрғын үй салынуда. Сондай-ақ екі 5 қабатты тұрғын үйдің 2021 жылы жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған еді. Соның құжаттамасы түзетілгеннен кейін конкурс жарияланады, — дейді құрылыс бөлімінің басшысы.

Оның айтуынша, биылғы бірінші тоқсанда кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталмақшы. Көтергіш сорғы станциясын да іске қосу көзделіп отыр. 

Жаңа шағынауданға жолдың да керек екені белгілі. Осы мақсатта ұзындығы 27 шақырым ішкіорам жолдарын биылғы төртінші тоқсанда мәреге жеткізу ойластырылуда. 

жол
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

— Екі кварталда орналасқан 10 көппәтерлі тұрғын үйді инженерлік желілермен қамту және абаттандыру жұмысы қоса жүріп жатыр. Соның ішінде 5 қабаттан тұратын 5 көппәтерлі үйге инженерлік желілер тартылып, ауласы абаттандырылды. Атап айтқанда, асфальт, өрнектас төселіп, балалар ойын алаңының іргетасы құйылды. Сол секілді 9 қабатты екі үй бір жоба арқылы инженерлік желілермен қамтылып, абаттандырылып, жылыту қазандығы салынады, — деді А.Жұмалиев.

Әлеуметтік нысандар жайы қалай?

Аталмыш шағынауданда әлеуметтік нысандардан әзірге 150 орынға арналған, биылғы 5 қаңтарда қызметін бастаған «Ақжайық» оңалту орталығын айтуға болады.

Бұл — Орал қаласында заманауи стандарттар мен технологияларға сәйкес келетін әлеуметтік сала бойынша алғашқы оңалту орталығы. 

оңалту
Фото: «Ақжайық» оңалту орталығы

«Ақжайық» мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығының директоры Альберт Талпаховтың сөзіне қарағанда, мекеме тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиясы бар балаларға, бірінші және екінші топ мүгедектеріне арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді.

Басқа елді мекенде тұратын және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар адамдар жергілікті атқарушы органдардың шешімімен түнгі уақытта осында қала алады.  

— Орталықта тиісті мамандар жұмыс істейді. Заманауи кабинеттер барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда мекемеге түскен түйіндемелер қарастырылуда, соның нәтижесінде бос лауазымдарға қызметкерлер конкурс арқылы қабылданады, — дейді А.Талпахов. 

а
Фото: «Ақжайық» оңалту орталығы

Тұрғындар не дейді?

Орал қаласында 50 мың адамға есептелген «Ақжайық» шағынауданы салынатыны, онда көпір құрылысы да қолға алынатыны жөнінде алғаш 2018 жылы айтылған еді.

Алайда 2019 жылы көпір жобасы таныстырылған кезде шу шықты. Өйткені қалалық саябақтағы 1 500 ағаш оталатындықтан оған экологтар қарсы болды. 2023 жылы қоғамдық тыңдау да дау-дамаймен өтті. 

Орал қаласының тұрғыны Қуандық Мәдір «Ақжайық» шағынауданы мен сол беттегі бірнеше ауданды қаланың орталық көшелерімен байланыстыратын, Шаған өзені арқылы өтетін көпір салу мәселесі жеті жылдан бері қозғалып келе жатқанын жеткізді. 

ғимарат
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

— Бірнеше қоғамдық тыңдау өтті. Аталмыш мәселеге өзіміздің немқұрайлығымыздан ба, әлде толыққанды ақпарат жетпеуінен бе, бұған «Сарыарқа», «Көкжиек», Зачаган тұрғындары келмеді десек те болады. Тыңдау өткенін соңынан ақпарат құралдарынан білдік. Негізінен қаланың ескі ауданындағы сол төңірек, ескі зират, саябақ маңайын мекендейтін тұрғындар мен бірен-саран экология жанашырлары қатысыпты, олар жобаға қарсы шығып, өткізбей тастаған. Бірақ 2023 жылы мамыр айында қайтадан қоғамдық тыңдау өткізіліп, мәселе дұрыс шешілген. Иә, негізі бізге көпір керек. Оны қоғамдық тыңдау өткеннен кейін де әлеуметтік желіде айтып, бірнеше мәрте пікірімді де білдіргенмін, — дейді қала тұрғыны. 

Ол өзі тұратын «Сарыарқа» шағынауданының дамуы қарқынды екендігін айтады. Қазір мұнда 10 мыңның үстінде тұрғын бар. 

— Соңғы жылдары түгелге дерлік көшеге асфальт төселді. Қар уақытында тазартылып тұрады. Бұрын бір мектебіміз бартұғын, жақында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 1500 оқушыға арналған жаңа № 51 мектеп іске қосылды. Ендігі кезекте емхана, амбулатория, мемлекет тарапынан балабақша ашылса, қолжетімді бағамен жұмыс істейтін үлкен гипермаркет дүкені салынып, көшелерге бағдаршамдар орнатылса деген халықтың тілегі бар. Шаған өзені арқылы көпір салынып, іске қосылса, «Ақжайық», «Сарыарқа», «Көкжиек» аудандары, Зачаган кенті қалаға біртабан жақындай түседі, айтылған мәселелер сол кезде тез қолға алынып, шешімі табылатынына сенемін, — дейді Қ.Мәдір. 

Тағы бір қала тұрғыны Сұлтан Бекішев «Ақжайық» шағынауданынан баспана алып жатқанын айтады.

— Қалада үйсіз жүрген жандар көп. Біз де осы кезге дейін отбасымызбен жалдамалы пәтерде тұрып келдік. Конкурсқа қатысып, 25 үміткердің ішінен озып шықтық. Бұл да оңай емес. Құжаттарын дер кезінде тапсырып, шарттарын орындау керек. Жеңілдікпен осындай бағдарламалар мен конкурстар жиі ұйымдастырылса, халыққа да қолайлы болар еді. Болашақта «Ақжайық» шағынауданының тұруға қолайлы орталық болғанын қалаймын, — дейді ол.

үй
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Тұрғынның пікірінше, балалар білім алатын мектеп, адамдар ем алатын аурухана ауадай қажет. Автобус қатынасы да жолға қойылуы керек.

— Жақында өзіміз қоныстанатын шағынауданды қарап келдім. Теректер өте аз екен. Сондықтан ағаш отырғызылып, үлкен саябақ жасалса, артықтық етпейді. Өзіміздің де, жасөспірімдердің де спортпен айналысуына жағдай туғызылса деймін. Түрлі үйірмелер жұмыс істейтін орындар, сауда орталықтары да керек. Міне, осындай әлеуметтік мәселелер шешілсе, тұрғындардың көңілі жайланар еді, — дейді С. Бекішев. 

Осы айтылғандар «Ақжайық» шағынауданында әлі де шешілуі тиісті мәселелердің аз еместігін аңғартады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жаңадан «Ақжайық» шағынауданы салынатынын жазған болатынбыз.

Сол аралықта «Ақжайық» жаңа ауданындағы құбыр, бағаналар қолды болды. 

Бастапқы екі жылдай уақытта 130 шақырымдай инженерлік желі тартылып, газ, сумен қамту жұмысы жүргізілді. Электр желілері тартылды.

Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 4 млрд жуық теңге бөлінген еді.

Осындай жұмыстар жүргізіліп жатқан уақытта құрылыс-монтаж материалдарын ұрлау фактілері орын алды. Жарықшамдар мен бағаналар, сол секілді кәріз құдығының қақпақтары мен жер астындағы тұрбалар қолды болған.

Бұл деректер бойынша ішкі істер органдарына өтініш жасалып, кейбірі анықталып, күдікті ұсталды. 

үй
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар