Оралда Ақжайық ауданы кітапханаларының күні өткізілді

ОРАЛ. 29 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Ақжайық ауданы кітапханаларының Оралдағы күніне орай «Ақжайық - өлкем, ғажайып көркем!» атты шара өткізілді.

Оралда Ақжайық ауданы кітапханаларының күні өткізілді

Шараға аудан әкімі Нариман Төреғалиев, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева қатысып, адам өмірінде кітапханалардың орны ерекше екендігін, кітап оқуға деген ықыластың әлі де суымағандығын атап өтті. Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева кітапханалар тынысымен таныстырды.

Сонымен қатар «Бір ел - бір кітап» республикалық шарасы аясында ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына орай «Шұрайлы жырдың шырайы» атты конференцияда, «Халық тарих толқынында» бағдарламасына орай «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» виртуалды танымдық тренингте өрелі ойлар айтылды. Еңбек ардагері, әуесқой сазгер, домбырашы Аманғали Қайсағалиев оқырмандармен жүздессе, ақжайықтық ақын Сағынтай Бисенғалиев басшылық ететін «Муза» шығармашыл оқырмандар отауы мен Оралдағы «Ақберен» әдеби бірлестігі (жетекшісі Талап Таймасұлы) мүшелері өзара кеңес құрды.

Шара соңында кітапханалар жүйесіндегі оң тәжірибелерді көпке тарату қажеттігі атап өтілді.