Оралда ашылуы тиіс келешек мектебі неге мерзімінде берілмей қалды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектеп 30 тамызда тапсырылуы тиіс еді.

Алайда Медколледж ауданындағы мектеп құрылысы әлі жүргізіліп жатыр. Осыған орай мәселенің мән-жайын білу мақсатында тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ға ресми сауал жолданды.
Компанияның мәліметіне қарағанда, Үкіметтің 2022 жылғы 30 қарашадағы № 963 қаулысына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мерзімі 2025 жылдың соңына дейін деп белгіленген.
Орал қаласындағы Жәңгір хан көшесінде салынып жатқан 600 орындық мектеп құрылысының
Білім күніне дейін аяқталмауының негізгі себебі — мердігер ұйым «JJ Construction» ЖШС-ның (бұрынғы «Жайық жарығы» ЖШС) өз міндеттемелерін тиісінше орындамауы.
Мердігер тарапынан құрылыс алаңына қажетті еңбек ресурстары, арнайы техника мен құрылыс материалдары уақытылы жеткізілмеді.
Шарт талаптарына сәйкес, мердігерге айыппұл санкциялары салынды.
— Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жанданып, нысанды 2025 жылғы 30 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда. Тапсырыс беруші тарапынан құрылыс барысы қатаң бақылауға алынып, жұмыстардың сапалы және уақытылы орындалуы қамтамасыз етілуде, — делінген ресми жауапта.
Құрылыс басында мердігер мекеме өкілінің пікірін білмек болып едік. Әйтсе де компания бас директорының орынбасары, жоба жетекшісі Мақсат Батырбеков ақпарат бере алмайтынын алға тартты.
БҚО құрылыс басқармасының басшысы Нұркен Молдашевтің нақтылауынша, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында үш ғимарат құрылысын биылғы 1 қыркүйекке дейін бітіру көзделген еді.
Осының ішінде Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы 600 орындық мектеп қана пайдалануға берілді.
Оралдағы аталмыш мектептен басқа Бәйтерек ауданы Достық ауылындағы 1 200 орындық білім нысаны құрылысы да мәресіне жете қойған жоқ.
— Осы екі мектепті салу барысында отандық құрылыс материалдарымен қамту бойынша қиындықтар туындады. Мұның бір себебі — Қазақстан бойынша «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 104 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл құрылыс материалдарына сұранысты көбейтіп жіберді. Бәрі бір жерден алынатындықтан, іркілістердің болуына әсер етті. Достық ауылындағы 1 200 орындық мектеп ғимаратында құрылыс-монтаж жұмыстары толықтай аяқталды. Қазіргі кезде іске қосу-реттеу, аумақты абаттандыру және технологиялық жабдықтармен жарақтандыру жұмысы атқарылып жатыр, — дейді басқарма басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш нысанға линеарлық панель, вентиляциялық өртке қарсы клапан, тақтатас секілді құрылыс материалдарын Ақтөбе, Алматы, Шымкент қалаларынан жеткізу 2-3 айға кешіктірілген.
Күні бүгін барлық қажетті материалдар құрылыс басында. Сол секілді осындай кідірушілік Орал қаласындағы Жәңгір хан көшесінде бой көтеріп жатқан мектеп құрылысында да болды.
— Мұнда фиброцементті тақтатас (Семейден) — 2 айға, 80 мм тротуар өрнектасы — 1,5, қиыршық тас (Ақтөбеден) — 1 және линолеум мен жарықшамдар 3 айға кешіктірілді. Фиброцементті тақтатас толықтай әкелінді. Қалған материалдар осы айдың аяғына дейін жеткізіледі, — деп қосты Н.Молдашев.

Оралда «Зачаган» бау-бақша серіктестігінде тұратын оқушылар үшін салынып жатқан аталмыш мектептің дер кезінде іске қосылмауы салдарынан осы маңдағы білім ордасында үш ауысымдылық жойылмай отыр.
Зачаган кентіндегі Ә. Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейінің директоры Ақұштап Сүйінғалиеваның мәлім еткеніндей, қазір мұнда 2 500 бала үш ауысымда оқып жатыр.
— Медколледж ауданындағы жаңа мектепке 47 сынып, барлығы 1 377 бала ауысуы тиіс, — дейді мектеп директоры.
«Құс фабрикасы» деп аталып кеткен «Зачаган» бау-бақша серіктестігінде 12 мыңдай халық тұрады.
— Төрт балалы отбасымыз. Үлкені № 38 мектеп-лицейінде 4-сыныпта оқиды. Одан кейінгісі 1-сыныпқа барды. Жаңа мектеп ашылған жағдайда тасымалдау ұйымдастырылса екен дейміз. Өйткені өзім жұмыстамын, кішкентайымыз қырқынан жуырда шықты, келіншегім бала күтімімен демалыста отыр. Екіншіден, жол салынса екен. Үшіншіден, бау-бақша серіктестігінде 2 300-ден астам үй бар. Қаланың іргесінде тұрып, тұрмыстық қиындықтардан арыла алмай келеміз. Сондықтан серіктестік қалаға қосылып, елді мекен мәртебесі берілсе екен, — деді «Зачаган» бау-бақша серіктестігінің тұрғыны Жандос Кенжин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда салынып жатқан жайлы мектеп құрылысы неліктен кешеуілдегенін жазған едік.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда келешек мектебі есігін айқара ашты.