Оралда әскерге барудан қашқан төрт жігіттің бірі ауыр халде жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда әскерге шақырылған төрт жігіт облыстық жинақтау пунктінен қашқан.

Оралда әскерге барудан қашқан төрт жігіттің бірі ауыр халде жатыр
Фото: БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті

БҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Альберт Бекмұхановтың мәлім еткеніндей, оқиға 1 желтоқсанға қараған түні болған. Оның сөзіне қарағанда, 30 қараша күні төрт әскерге шақырылушыны полиция қызметкерлері алып келген.

Түнгі сағат 02.00-де үшінші қабатта терезеге биыл қондырылған темір торды сындырған. Тоғыз одеялоны, соның ішінде үшеуін жыртып бір-біріне байлап, үшінші қабаттың терезесінен секірген. Сол кезде олардың біреуі ауыр жарақат алған. Жедел жәрдем шақырылып, емдеу мекемесіне жеткізілді. Департамент және медициналық қызмет бастығы барып, халін білді, қазір жағдайы өте нашар, - дейді А.Бекмұханов.

Оның айтуынша, ҚР ҚК 387-бабына (әскери қызметтен жалтару) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, Абай полиция бөліміне қолдаухат жіберілген.

Аталған бап бойынша айыпты деп танылған адам бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Егер әскерге шақырылушы тергеп-тексеру органы iстi сотқа бергенге дейiн әскерге шақыру пунктiне өз еркiмен келсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Осыны ағайын-тумалары түсіндірген болар, қашқан жастардың үшеуі келесі күні шақыру учаскесіне қайтып келген.

Ауруханада жатқан жігіт 2023 жылы дипломын алған. Әскери қызметін өтеуді кейінге қалдыруға және босатуға да негіз жоқ. Оған қатысты іздестіру жұмыстары жүргізілген. Шақыру қағазы қыркүйек және қараша айында қолына берілген. Сонымен қатар көктемде екі рет және қазанда 1414 нөмірі арқылы СМС хабарламаны өзі алған. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 30-бабында «Шақыру қағазын азаматтың жеке өзiне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиiстi iшкi iстер органына жүктеледі» деп көрсетілген. Қазіргі таңда ҚР ҚК 387-бабына сәйкес тергеу амалдарымен қатар осы оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізілуде. Кезекші болған қызметкерге қатысты тексеріс қорытындысы бойынша тиісті шара қолданылатын болады, - дейді А.Бекмұханов.

Ауруханада ауыр халде жатқан 19 жастағы Мейрамбек Сейфоллаевтың ағасы Нұрхат Әбілғазиевтің айтуынша, інісінің достарына еріп қашқандығын жеткізді.

әскер
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

- Інімді үйден мәжбүрлі түрде алып кеткен, ол моральдық-психологиялық жағынан дайын емес еді. Енді оның осындай күйге ұшырағаны жанымызға батады. Қазір облыстық ауруханада жатқан інімнің жағдайы өте қиын. Мүгедек болып қалу қаупі бар. Үшінші қабаттан құлаған кезде омыртқасы сынған, жұлынына зақым келген. Кіші және үлкен дәретке отыруы қиындап кеткен. Оқиға болған уақытта кезекші орнында отырмаған. Содан кейін терезедегі темір тор осал болған. Әскерге жастарды күштеп әкетіп жатқан соң дұрыстап бекіту қажет еді. Сосын жедел жәрдемді белін қайырып алды деп шақырған. Үшінші қабаттан секірді дегенде, жедел жәрдем тез келетін еді. Олар келгенше, 1-1,5 сағаттай уақыт өткен. Қысқасы, әскери казарма қызметкерлерінің өз жұмысына салғырт қарағанына наразымын. Тағы бір айта кететін жайт, қашқандардың бірі Бексұлтан анасына хабарласып, әскерден алып қалуын өтінген. Әйтпесе «Қашамыз» деген. Бексұлтанның анасы Оралбай есімді әскери қызметшіге хабарласып, балалардың қашқысы келіп отырғанын ескерткен, - дейді Н.Әбілғазиев.

Мейрамбекпен бірге қашқан Әли Бейбіттің мәлімдеуінше, ол әскерге шақыру пунктіне өз еркімен барған.

30 қараша, сенбі күні түс мезгілінде Бексұлтан Құбаев деген дос баламды үйінде ұйықтап жатқан жерінен полиция қызметкерлері алып кеткен. Сағат бестерде біздің үйге де келді. Әкем дүйсенбі күні апарамын деді. Бірақ Бексұлтан мен Мейрамбек сонда деп естігеннен кейін олардан қалғым келмей, мен де бардым. Кешке бұрын танымайтын бір жігіт келіп, әкемде бәрі, әскери комиссариатта танысы, ақша да бар, барлығын шешіп беремін деп, бізді үгіттей бастады. Сөйтіп түнгі екіде алдымен сол түсті. Сосын Бексұлтаннан кейін кезек маған келді. Бірақ бірінші қабатқа жақындағанда одеяло үзіліп кетті. Мұның үзіліп кеткенін және біздің ескертіп айтқанымызды естімеген Мейрамбек жерге құлады. Ол жедел жәрдем шақыруымызды сұрап, бізге кете беріңдер деді. Қақпадан секірген кезде қолымды сындырып алдым, - дейді Ә.Бейбіт.

әскер
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған оқиға бойынша Абай полиция бөлімімен сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды, - деп нақтылады БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 17 жастағы қостанайлық жасөспірімнің есірткімен ұсталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар