Оралда ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді
ОРАЛ. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ақпанның 15-інде Оралда кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуына 21 жыл толуына орай мәжіліс болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сөз сөйлеп, ауған соғысы ардагерлері мен онда қаза тапқандарға әрдайым құрмет көрсетілетінін атап өтіп, бір топ жауынгер-интернационалиске мерейтойлық медальдарды табыс етті. Биыл ауғандық ардагерлерге пәтер жылдағыдан көбірек берілетін болады.
Ұлы Отан соғысының ардагері Қадыр Ғайсин Оралда Кеңес Одағы әрі Ресей Батыры, батысқазақстандық Қайырболат Майдановтың мүсіні орнатылуы керектігін айтты.
Жиын соңы «Балалар соғысқа қарсы» атты балалар шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау мен концерттік бағдарламаға ұласты.
Осы күні Ұлы Отан және ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлер ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді.