Оралда ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі жалғасуда

ОРАЛ. 19 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарында бүгін екінші рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып отыр.

Оралда ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі жалғасуда

Бұл жолы Теректі, Шыңғырлау, Қаратөбе, Ақжайық ауданының кәсіпкерлері өз тауарларын әкелді. Мұның алдындағы сенбіде, яғни 12 наурызда оралдықтармен қатар бөкейордалық, жәнібектік, зеленовтық және қазталовтық тауар өндірушілер өз өнімдерін ұсынған болатын. 9 тоннадан астам сиыр еті әп-сәтте сатылып кетті. Өйткені өнімдердің бағасы жоғары болған жоқ. Мәселен, сиыр еті - әр киләсі үшін 750 теңгеден, шошқа еті - 600, тауық 400 теңгеден, ал он жұмыртқа 140 теңгеден сатылды.

Басты мақсат «Ел ырысы» базарының мүмкіндіктерін пайдаланып, бірінші кезекте тұтынылатын ауыл шаруашылығы тауарларын ешқандай делдалсыз, өз бағасымен өткізу болып отыр.

Жәрмеңке алдағы сенбі, 26 наурызда да ұйымдастырылады. Оған қалған аудандар өз өнімдерін жеткізетін болады. Сиыр етінің бағасын төмендетуге Зеленов ауданы Янайкин ауылындағы мал бордақылау кешенін іске қосқан «Кроун Батыс» ЖШС да өз үлесін қосуда.

Алдағы уақытта мұндай жәрмеңкелер тұрақты өткізілмекші.