20:05, 06 Қараша 2017 | GMT +5
Оралда ауылшаруашылық өнімін өндірушілер 240 млн теңгенің тауарын сатты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биыл сәуір айынан бастап Орал қаласында ауыл шаруашылығы тауарларының 31 жәрмеңкесі өткізіліп, 240 млн теңгенің өнімі сатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, жәрмеңкелерге елуге жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысқан. Оларға және саяжайшыларға сауда орындары тегін берілді. Мұның өзі өнімдер, соның ішінде картоп бағасын тұрақтандыруға септігін тигізді. Мысалы, қазан айының басында картоптың нарықтық бағасы әр келісі 130, дүкендерде 150 теңге болса, жәрмеңкеде 90 теңгеден сатылды. Сөйтіп нарықтық баға 100-110 теңгеге дейін тұрақтандырылды.
Өткен демалыс күндері мәреге жеткен барлық жәрмеңкенің қорытындысы бойынша 852 тонна көкөніс, бау-бақша өнімдері, 83,7 тонна ет, 17 тонна балық және 216 мың дана жұмыртқа сатылды.