Оралда автобустағы жаппай төбелеске байланысты қылмыстық іс қозғалды
ОРАЛ. KAZINFORM — Оралда адамдардың автобуста төбелескені туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, MyFest фестиваліне қатысушылар көрермендерді тасу үшін шығарылған автобустың ішіндегі төбелеске куә болған.
Алдымен ер адам мен әйел жанжал шығарған. Жанжал барысында олардың біреуі салондағы жігітке қатысты бұрыш баллонын қолданған. Салдарынан жәбірленуші екі көзінен күйік жарақатын алған.
Бұдан кейін басқа жолаушылар араға килігіп, ол жаппай төбелеске ұласқан. Жолаушылардың кейбірі осы кезде ән салып отырған.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Жанжалға қатысқандардың барлығы анықталды. Олардың біреуі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
— Қазіргі кезде оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу қорытындысына сәйкес кінәлілер жауапқа тартылатын болады, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 8 жасар баланың өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.