Оралда автокөлік қағып кеткен ер адам мерт болды

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласы мен Зачаган кенті арасындағы жолда автокөлік ер адамды қағып кетті.

ДТП, авария, знак
Фото: freepik

Оқиға 30 қыркүйек күні шамамен сағат 10.00-де Исатай мен Махамбет ескерткіші тұсында болды. Жол апаты салдарынан Шаған өзенінен өтетін көпір маңында жолдың бір жағы жабылып, кептеліс туындады.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, жүргізуші Toyota Camry автокөлігімен Жәңгір хан көшесінде келе жатып, реттелмеген жаяу жүргінші өткелінде ер адамды қаққан. Жаяу жүргінші оқиға орнында жан тапсырды.

- Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші ұсталып, автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Қазіргі кезде барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да заңсыз граффити салған жігіттің 5 тәулікке қамалғанын жазған едік.