Оралда әйелдердің отбасындағы және қоғамдағы рөлін арттыру мәселелері талқыланды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 12 қараша күні Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Дін және әйел» тақырыбында республикалық форум өткізілді.

Оралда әйелдердің отбасындағы және қоғамдағы рөлін арттыру мәселелері талқыланды

БҚО әкімдігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті бірлесіп ұйымдастырған жиынды ашқан БҚО дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметовтің айтуынша, осыған дейін мұндай жиын жеті облыста өткізілген. Мұндағы мақсат - дін және әйел тақырыбын кеңінен талқылай отырып, қоғамдағы көкейкесті мәселелерге көпшілік назарын аудару. Әсіресе, қазіргідей жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарға қауіп төніп тұрған мезгілде отбасын, жалпы, елдікті сақтаудағы әйелдің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру өзекті жайт болып отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев өңірдегі әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге қатысуы, олардың түрлі салада белсене еңбек етіп жүргені туралы дәлелдер келтірді.

Жиынға қатысқан филология ғылымдарының кандидаты, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы, ҚХА мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман дін және ұлттық құндылықтар төңірегінде тоқталса, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева болашақ елдің бесігін тербетіп, ұрпағын тәрбиелейтін қыз балаларға айрықша көңіл бөлу қажеттігін атап көрсетті. Сол секілді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Бақыт Барсай, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Омар Темірбеков, ҚМДБ БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жастар саясатын дамыту бөлімінің басшысы, «Қыз Жібек» клубының жетекшісі Маржан Ақтаева және басқалары өз ой-толғамдарымен, іс-тәжірибелерімен бөлісті. Бұл ретте соңғы кезде отбасы құруды мақсат етпей, ана болудан қашқақтап, мансап қуып кеткен қыздардың көбейгені айтылды. Әйелдің ең әуелгі міндеті - өмірге ұрпақ әкеліп, оны ерімен бірге тәрбиелеу, ұлттық және отбасылық құндылықтарды жоғары қою. Ислам дінінде де әйелдің қадір-қасиетін арттыруға ерекше мән берілген. Ең бастысы, қазақ қыздарын ұлттық дәстүр мен дүниетаным негізінде тәрбиелеуге көп болып жұмылу қажет.

Форум барысында «Қыз Жібек» клубының таныстырылымы болды. Алдағы уақытта мұндай клубты мектептерде де құрып, ортақ журнал шығару, «Қыз Жібек», «Үлгілі келін» байқауларын және басқа шараларды өткізу көзделуде.