Оралда баланы ерте жастан кітап оқуға тарту тақырыбына арналған шара өткізілді
ОРАЛ. 21 маусым. ҚазАқпарат - Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында 20 маусым күні «Балалар кітапханасы және ата-аналармен жұмыс» тақырыбында облыстық тренинг өткізілді.
Тренинг мақсаты - баланы ерте жастан кітап оқуға тарту және осы мәселеге ата-аналар да үлестерін қосуына ықпал етуге насихат жұмыстарын жүргізу. Оған өңірдегі кітапханалардың кітапханашылары қатысты.
«Отбасы - тіршіліктің тірегі» тақырыбында өткен іс-тәжірибелік тренингтің мақсаты - ата-анаға бала тәрбиесіндегі кітаптың алар орны туралы түсінік беріп, олардың білімдерін көтеруге көмектесу. Атап айтқанда, отбасының кітапқа, оқуға деген қызығушылығын дамыту.
«Әулеттің кітаптан алар мұрасы» тақырыбындағы жасөспірімдер оқу залы мен өнер бөлімі өткізген интерактивті кітап көрмесі де тренингке қатысушыларға көп нәрседен мағлұмат берді.
Ғылыми-әдістеме бөлімінің әдіскері Мейрамгүл Есболатова және жасөспірімдер оқу залының жетекші маманы Бибігүл Жұмағазиева өткізген «Кітаппен бірге өсеміз» ойын-саяхат бір мезгіл тренингке қатысушы кітапханашылардың көңіл-күйін көтеріп, олардың балалық шақтарына саяхат жасатқандай, бір серпілтіп тастады. Әртүрлі ертегі кейіпкерлерінің образдарына енген кітапханашы мамандар, тіпті ертегі кейіпкерлерін қазіргі заман талабына сай жандандырып, өңдерін өзгертіп те жіберді.
Тренингтен кейін мамандар Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы жанындағы отбасылық оқу орталығы әзірлеген кітапханалық іс-шараға қатысты.
Шара соңында «Балалар кітапханасы және ата-аналармен жұмыс» тақырыбында облыстық тренингке қатысқан кітапханашыларға сертификаттар табыс етілді.