Оралда Байланыс және ақпарат министрі журналистермен кездесті

ОРАЛ. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ -17 ақпанда Елбасы Жолдауын түсіндіру бойынша республикалық ақпараттық-насихаттық топ Орал қаласына жұмыс сапарымен келді.

Оралда Байланыс және ақпарат министрі журналистермен кездесті

Топ жетекшісі ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының кіші залында облыстағы және республикалық БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл кездесуге көршілес Атырау және Ақтөбе облысындағы БАҚ басшылары да қатысты

-Менің журналистермен, яғни төртінші билік иелерімен кездесіп отырған себебім, - деді министр, - сіздер үнемі ел ішінде, билік пен бұқараның арасын жалғап жүресіздер. Мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан тарихи шешімдерді халыққа түсіндіріп жеткізу, қоғамдық пікірдің қалыптасуы сіздердің жұмысыңызға тікелей байланысты.

Министр Асқар Жұмағалиев 28 қаңтар күні жария болған Елбасы Жолдауын тарихи маңызы зор құжат деп мәлімдеді. Астанадағы сан түрлі мемлекеттік мәні зор қоғамдық-саяси оқиғалардың ортасында жүрген жан ретінде ЕҚЫҰ саммиті мен Азия ойындарының жоғары дәрежеде өткізілуін шетелдіктердің қалай қабылдағаны туралы пікірін ортаға салды. «Астананың сәулетіне, Қазақстанның қарқынды дамуына Румыния, Македония президенттерінің шынайы таңданысына өзім тікелей куә болдым. Ал Азия ойындарындағы жеңісіміз еліміздің әлеуеті күн санап артып келе жатқанын көрсетті, өйткені спорттағы жетістік те мемлекеттің экономикалық дамуының бір көрсеткіші болып табылады», - деді министр.

Жолдауда көтерілген маңызды мәселелер - білім беру саласын дамыту, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамту, жұмыссыздықпен күрес секілді бағдарламалардың барысымен егжей-тегжейлі таныстырған Асқар Қуанышұлы бұдан кейін журналистердің сауалдарына жауап қайтарды. Республикамызда спутниктік сандық телевидение қосылғанын, қазірдің өзінде оны тұтынушылардың көбейіп келе жатқанын айтқан министр жыл соңына дейін спутниктік сандық телеарналарға қосылушылардың саны 100 мыңға жетеді деген болжам айтты.

-Әуежайдан түсісімен қалта телефонымды қоссам, Оралда да 3G желісі қосылған екен. Бұл - байланыс пен ақпарат алмасудың сапасы мен жылдамдығы күрт артады деген сөз. Болашақта 4G желісіне қосылған кезде «мегабайт» деген ұғымды ұмытатын боламыз. Қалтафоннан кино көру, көлемді ақпаратты алып, кері жіберу үйреншікті көрініске айналады. Мысалы, бірер жыл бұрын ғана интернет жылдамдығы 128 Мбт/с болған еді. Қазір 512 Мбт/секундқа жетті. Таяу болашақта одан әрі жылдамдай бермек, - деді министр.

Байланыс және ақпарат министрінің айтуынша, Қазақстанда ақпараттық технологияны дамытудың өз қиындығы бар: жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанның халқы өте аз - 1 км2-ге 4-5 адамнан ғана келеді. Елімізде ұялы байланыс құнының қымбаттау көрінетіні сондықтан.

-Алайда байқаған болсаңыз, соңғы 4 жылда «Мегалайн» қызметі бес есе, ал ұялы байланыс 2 еседен артық арзандады. Ұялы байланыс қызметін көрсететін операторлардың жұмысына тексеру жүргізіп, тарифтерін арзандаттық, қазір абонент бұрынғыдай қосылғаны үшін ақы төлемейді, секундтық тариф жұмыс істеп тұр. Қарапайым тұтынушы үшін біз мүмкіндігінше қолайлы жағдай туғыза беретін боламыз, - деді Асқар Жұмағалиев.

Қазақстанда «Тірі журнал», «Республика» секілді кейбір сайттардың таралуына кедергі жасалатыны жөніндегі сауалға министр мырза елімізде тек сот шешімімен тыйым салынғаннан басқа сайттарға кіруге ешқандай кедергі болмайтынын айтты. Сондай-ақ байланыс саласында жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын орта буынды мамандар даярлау мәселесі де қолға алынғанын айтқан министр Тараз, Павлодар және Атырау қалаларында арнайы колледждер ашылатынын хабарлады.

Министр А.Жұмағалиевтің бұдан кейінгі кездесуі Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде жалғасты. Студенттермен және оқытушы қауыммен болған жүздесу ақпарат және байланыс саласында жаңа технологияның енуі және кәсіби біліктілігі жоғары маман даярлау бағытында өрбіді.