Оралда бекіре балығын өсіретін зауыт құрылысы қолға алынбақшы

Аталмыш оқу орнының ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Нұрлан Серғалиевтің айтуынша, бұл жоба, негізінен құрып кетуге жақын қалған балықты көбейтудің бірден-бір жолы болып табылады. 2009 жылдан бастап қолға алынған ғылыми-зерттеу жұмысы аталмыш жобаның тиімділігін дәлелдеді. Бүгінде жаңа жоба ҚР Үкіметінің тапсырмасымен бекітіліп, оны университет қызметкерлері «Ұлттық ғылыми-технологиялық «Парасат» холдингімен бірігіп, жүзеге асыруда.
Орталық зертхана қызметкері Рухан Құлбаевтың сөзінше, бекіре балығын өсіретін зауыт құрылысы 2014 жылы университет аумағында жүргізілмек. Оның құрылысына 3,6 миллиард теңге бөлінген. Зауыт, бұйырса, жылына 65 тонна бекіре, 8 тонна уылдырық өндірмек. Балықты жасанды түрде өсірудің бір артықшылығы, ол климат таңдамайды. Екіншіден, бассейн суды үнемдейді. Үшіншіден, ол жұқпалы ауру түрлерінің таралуына тосқауыл қояды. Аталмыш жобаның авторы Нұрлан Хабиболлаұлы еті де, уылдырығы да бағалы балықты өсіруді шындап қолға алса, үлкен табысқа кенелтетініне шек келтірмейді.
Қазіргі таңда бекіре тұқымдас балықты өсіру орталығында 12 дана тұйық жүйелі сумен қамтамасыз етілген қондырғылар жұмыс істейді. Әр қондырғыда 3,5-4 тонна су болса, күніне соның 5 пайызы жаңартылып тұрады. Қондырғыдағы судың үнемі қозғалыста болуы оның тазалығын қамтамасыз етеді. Мұндай қондырғыларға балықтар түріне және жасына қарай бөлініп-бөлініп салынған. Мысалы, 2009 жылдан бері өсіріліп келе жатқан бекіре тұқымдас балық саны жетпіс шақты болса, 200 күндік балықтар 700-800-ді құрайды. Зерттеу орталығындағы балықтардың жалпы саны бүгінде шамамен, 2-3 мың аралығында. Қондырғылардың бірінде кәдімгі шаяндар да өсірілуде. Нұрлан Серғалиев: «Шындап кіріссе, шаянды да бизнес көзіне айналдыруға болады», - дейді.