Оралда Беларусь азаматын тонап кетті
ОРАЛ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - 8 қыркүйекке қараған түні Орал қаласында екі бірдей ұрлық оқиғасы тіркеліп, күдіктілер ұсталды.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 23 жастағы қала тұрғынының пәтерінен ноутбук, алтын бұйымдар қолды болған. Полицейлер ұрының нашақор ретінде есепте тұратын 31 жастағы азамат екендігін анықтады.
Сол түні Беларусь елінің азаматы да тоналды. «Тропикана» мейманханасына тоқтаған оның бөлмесінен 900 АҚШ доллары, 12 мың 710 ресей рублі, 35 мың беларусь ақшасы және 6 мың теңге қымқырылған. Полицейлер алаяқ, ұялы телефондарды ұрлаушы ретінде есепте тұрған Жәнібек ауданының 25 жастағы тұрғынын құрықтады. Ол уақытша ұстау абақтысына қамалып, басқа қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.