Оралда белгілі бапкер-хоккейші А.Ионкиннің 65 жылдығы аталып өтілді

ОРАЛ. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Оралдағы «Жастық» стадионында белгілі бапкер-хоккейші, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Ионкиннің 65 жасы атап өтілді.

Оралда белгілі бапкер-хоккейші А.Ионкиннің 65 жылдығы аталып өтілді

Александр Ионкин - Орал допты хоккейінің түлегі. Жиырма жасында айрықша талантымен танылған жігіт 1968 жылы Алматының «Динамосына» шақыру алды. «Динамо» сапында қыста допты хоккей, жазда көгалдағы хоккей ойнап, КСРО құрамасына ілікті. Александр Ионкин - допты хоккейден КСРО чемпионы (1977 жыл), Еуропа чемпиондары кубогының иегері (1978 жыл), көгалдағы хоккейден бес рет КСРО чемпионы (1972, 1973, 1975, 1976, 1977 жылдар), жеті мәрте КСРО чемпионатының үздік сұрмергені, 1977 жылы үздік шабуылшы атанған, Құрлықаралық кубоктың қола жүлдегері (1977 жыл). Көгалдағы хоккейден КСРО құрамасы сапында 20 ойын өткізіп, 10 доп соққан.

Александр Ионкин көп жылдар бойы допты хоккейден Қазақстан құрамасын жаттықтырып, әлем чемпионатының қола жүлдегеріне дейін жеткізді. Қазіргі кезде «Ақжайық» командасының бас бапкері.

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов А.Ионкинге сәйгүлік мінгізіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Салтанатты рәсім соңында допты хоккейден ардагер спортшылар мен «Ақжайық» командасы арасында жолдастық кездесу өтті.