Оралда белгілі жас әнші Е.Өтегеновтің тұңғыш шығармашылық кеші өткізілді
ОРАЛ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Оралда белгілі жас әнші, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаз-жүлдегері Еркін Өтегенов «Жүректе ыстық жалын, арнаймын жастық әнін» атты тұңғыш шығармашылық кешін өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш концертте бұрын-соңды сахнада көп естілмеген әндер де орындалды. Сондай-ақ жергілікті авторлар, әнін Қуандық Мәдір, сөзін Мұнайдар Балмолда жазған «Ауылға қайтып жаз келді» әнінің тұсауы кесілді.
Еркін Өтегенов өткен жылы «Қыдыр қонған Қызылорда» республикалық байқауында бас жүлдені иеленіп, кейін Алматыда «Сағындырған әндер-ай» атты ән мерекесіне қатысқан болатын.