Оралда бейбіт жиынға шыққандар университет деканының қызметтен кетуін талап етті

ОРАЛ. KAZINFORM – «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының өкілдері Құрманғазы мен Дина ескерткішінің алдына жиналып, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті жаратылыстану-география факультетінің деканы Ақан Тұрғымбаевтың қызметінен кетуін талап етті. 

митинг
Фото: Видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде таралған бейнежазбада студент Сырым Тәңірбергенов аталмыш қозғалыстың іс-шарасына барғаны үшін А.Тұрғымбаевтың өздерін оқудан шығаратынын айтып, қорқытқанын жеткізді.

– Оның әдістері – бізді қорқыту және бопсалау. Мұндай болмауы қажет. Тұрғынбаев жұмыстан шықсын! – деді ол.

Студенттің бұл сөзін жиналғандар қайталады.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 2 желтоқсан күні сағат 14.30 шамасында ЖОО әкімшілік ғимаратының алдында орналасқан Құрманғазы мен Дина ескерткіші жанында 40-қа жуық жастардың қатысуымен заңсыз жиын өткен. Акцияның «Жаңа адамдар» қоғамдық бірлестігінің жетекшілері Әсел Бәденова мен Мейіржан Ғарифоллаевтың бастамасымен ұйымдастырылғаны анықталды.

– Заңсыз жиынға қатысушылар арасында М. Өтемісов атындағы БҚУ студенті де болған. Ол ұйымда өзінің заңсыз оқудан шығарылатыны туралы жалған ақпарат таратқан. Студенттің оқу үлгерімі мен сабақтарға қатысу деңгейі төмен екені белгілі. Сонымен қатар, ол бірнеше рет жатақханада тәртіп бұзғаны, тазалық талаптарын сақтамағаны және себепсіз сабаққа келмегені үшін ескерту алған. Бұл студенттің университет жарғысы мен тәртіп ережелерін бірнеше рет бұзғанын көрсетеді. Факультет деканы А.Тұрғымбаев студентпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оның әрекеттері салдарын, соның ішінде оқудан шығарылуы мүмкіндігі туралы ескерткен. Қазіргі уақытта оның оқудан шығарылуы туралы бұйрық тіркелген жоқ, – деп хабарлады ведомстводан. 

Орал қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Ғиниятов аталмыш бейбіт жиын бойынша жергілікті атқарушы органға ұйымдастырушы тараптан хабарлама берілмегенін жеткізді. Сол себепті ұйымдастырушыларға заң аясында түсініктеме жұмыстары жүргізілген.

– Жиынға қатысушылармен заңнаманы бұзуға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді. Содан кейін жиналғандар тарап кетті, – деп нақтылады БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда мас күйінде аялдаманың терезесін сындырған ер адамның ұсталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар