Оралда білім беру қызметкерлерінің тамыз мәслихаты өтті
ОРАЛ. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернат кешенінде білім беру қызметкерлерінің облыстық тамыз мәслихаты болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеңесте білім ошақтарының жаңа оқу жылына әзірлігі, білім сапасы, білім беру жүйесін жаңартудың жәйі, алдағы оқу жылының міндеттері қаралып, педагогикалық, білім беру ұйымдарының, мемлекеттік және атқарушы органдардың алдағы жылға белгілеген стратегиялық бағыттары айқындалды.
Кеңестің секциялық отырыстарында мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік білім, кешенді тәрбие және балалар құқығын қорғау, педагог кадрларды аттестациялау, гуманитарлық білім беру, мектепке дейінгі ұйымдар жұмысын жақсарту, мектеп бағдарламасына «Өзін-өзі тану» пәнін жаппай енгізу, тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері сөз болып, 2010-2011 оқу жылында оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудағы өзгерістер туралы әдістемелік-нұсқаулық кеңес өткізілді. Сондай-ақ кеңес аясында «12 жылдық мектеп үлгісіне көшу жағдайындағы жаратылыстану-математикалық білімнің мәселелері» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Онда аталмыш пәндер бойынша білім теориясы мен әдістемесі мәселелері қаралды.
Кеңес соңында «Орта мектептердің жаңа оқу жылына үздік даярлығы» және басқа да аталымдар бойынша байқаулар қорытындысы шығарылып, үздіктер марапатталды.