Оралда бір жылда 103,9 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында өткен жылы 103,9 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Мұндағы негізгі үлес 68,7 млрд теңгені құрайтын өңдеу өнеркәсібіне (66 пайыз) тиесілі. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен Орал қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің тұрғындармен есептік кездесуінде айтылды.
None
None

Алтай Сейдірұлының айтуынша, негізгі қаржыға қосылған инвестиция көлемі 56,6 млрд теңге жетіп, 2014 жылғыдан (51,7 млрд. теңге) 9,5 пайызға көбейді. Соның ішінде республикалық бюджет есебінен 15,3 млрд теңге, жергілікті қазына есебінен 5,6 млрд теңге құйылды. Кәсіпорындардың өз қаржысы 55 пайызды немесе 31,2 млрд теңгені құрады. Бұл 2014 жылғымен салыстырғанда, 26 пайызға артық.

Қаланың жалпы бюджеті 26,5 млрд теңге болса, соның 46 пайызы әлеуметтік салаға бағытталса, 20,5 пайызы (5,5 млрд теңге) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол-көпір шаруашылығы, күрделі және ағымдағы жол жөндеу, қала көшелерін жарықтандыру, абаттандыру секілді жұмыстарға жұмсалды. Тұрғын үй құрылысына, сондай-ақ әлеуметтік нысандарға 5,2 млрд теңге (19,7 пайызы) бөлінді.

Облыс орталығында 28227 шағын бизнес нысаны тіркелсе, соның 87 пайызы (27 715-і) белсенді қызмет атқарады. Шағын және орта бизнес саласында қызмет ететін адамдар саны 1,3 пайызға көбейген. Шағын және орта бизнес нысандары 64,6 млрд теңге өнім өндіріп, олардан 16,4 млрд астам теңге салық түсті, бұл - қала қазынасының 24 пайызы. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 2,3 млрд теңгенің 47 жобасы мақұлданып, 132 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысында қалада 36,1 млрд теңгені құрайтын 313 жоба іске қосылып, 2316 жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасы аясында қала аумағында 10,9 млрд теңгеге 22 жоба жүзеге асырылып, 966 жұмыс орны пайда болды. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 2015 жылы 68,7 млн. теңге бөлініп, 25 адамға шағын несие беріліп, 40 жұмыс орны ашылды.

Білім саласында Оралда 48 мектеп болса, оларда 3143 мұғалім жұмыс жасап, 37 579 оқушы білім алады. Өткен жылы Зашаған кентінде 1200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі кезде қалада 3-6 жастағы балалардың 98,1 пайызы (13 221 бүлдіршін) мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етілген. Дегенмен 15 мыңдай балдырған әлі кезекте тұр. Осы мәселені шешу бағытында Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында айтылғанындай, бюджет жүгін жеңілдету мақсатымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін белсендірек іске қосу қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бағытында 14 жеке балабақшаны бюджет есебінен 157 млн. теңгеге демеуқаржыландыру жүргізілуде. Бұл, бір жағынан, 757 бүлдіршінді мектепке дейінгі біліммен қамтуға, екінші жағынан, 1,5 млрд теңге бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді.

Қала басшысы басқа салаларда атқарылған жұмыстармен қатар алда тұрған мақсат-міндеттерге тоқталды. Мысалы, қалада биыл құны 10,6 млрд. теңге тұратын жалпы алаңы 90 мың шаршы метр 14 үйді пайдалануға беру көзделуде. Соның ішінде 9 үй «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес салынып, кезекте тұрғандар үшін 1004 пәтер іске қосылмақ. Сондай-ақ биыл 2 млрд теңгеге 20 км қала жолдары жөнделетін болады.

Есептік жиында қала тұрғындары қойған сауалдарға жауап берілді.

Кездесуге қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қалада ауқымды істер жасалғанын, Елбасы тапсырмаларына сәйкес жоспарлы жұмыстардың кезегімен атқарыла беретінін атап көрсетті.

Соңғы жаңалықтар