Оралда бұқаралық спортты дамыту мәселелері талқыланды
ОРАЛ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалық етуімен өңірдегі бұқаралық спортты дамыту мәселелері талқыланды.
Аталмыш тақырыпта облыстық мәслихаттың ұйымдастыру, құқық, мәдениет және спорт мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрайымы Зинатбану Мусина баяндама жасады. Тыңдауға қатысқан облыстың спорт мекемелерінің басшылары мен ардагер спортшылар бұқаралық спортты дамытудың 2013-2015жылдарға арналған кешенді жоспарын дайындау және аталмыш жоспарды туризм, білім, денсаулық, мәдениет салаларымен бірлестірудің маңызды екендігін атап өтті.
БҚО білім басқармасының бастығы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, облыс мектептерінде дене тәрбиесі аптасына үш сағат өтетінін, өткен жылы 1304 спорт секциясы болса, биыл 1378-ге жеткенін, өткен жылы әр түрлі спорт шараларына 66 мың оқушының қатысқанын айтты. «Әрине, білім саласында да мәселелер бары рас, мысалы, облыстағы 413 мектептің 269-ында ғана спорт зал бар. Өткен жылы 43,9 млн. , биыл 17,2 млн. теңгенің спорттық құрал-жабдығы алынды. Дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін 901 мұғалімнің 501-і толық емес ақымен жұмыс істеуде. Енді осы мұғалімдердің жалақысын қосымша дене тәрбиесі жүктемесімен 100 пайызға жеткізу көзделуде», - деді ол.
Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов облыс спортына ерекше көңіл бөлініп отырғанын, соның нәтижесінде қол жеткен жетістіктер туралы қысқаша шолу жасап, алайда ұлттық спорттың артта қалғанын, кейбір спорт түрлеріне шетелден маман алдыртып отырғанын, Жәнібек, Бөрлі, Ақжайық аудандарына барған мамандарға үй беріліп, жақсы жағдай жасалғанын айтты.
-Бұқаралық спортты дамытуда екі мәселе бар, - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен. - Біріншісі, бүгінгі таңда қолымызда бар спорттық нысандарды кеңінен пайдалану. Себебі ауылдық округ мектептеріне күні ертең спорт залдарын салып тастаймыз деп айта алмаймын. Сондықтан жұмыс істеп тұрған спорт залдарын ауыл халқы үшін тиімді пайдалана білуіміз керек. Екінші мәселе, қалада біраз спорт нысандары бар. Бұқара халықты сол игіліктерді пайдалануға, спортты жанына серік етуге жұмылдыруымыз керек. Орал қаласында 2013 жылы теннис клубы, 2014 жылы жабық футбол манежі және үлкен спорттық кешен пайдалануға беріледі. Өткен жылдары біз балалардың оқуы мен тәрбиесіне ғана көңіл бөліп келсек, бүгінгі күні оларды спортқа тартуға, салауатты өмір салтын ұстануға жетісіп отырмыз.
Серік Кенжебекұлы сөзінің соңында спортты дамыту - жастардың, елдің болашағын нығайту екендігін және бүгінгі қоғамдық тыңдауда айтылған ұсыныстарды ескеріп, облыс спортын дамытуда қолдан келген көмекті аямайтындықтарын жеткізді.