Оралда бұрынғы күйеуін пышақтаған әйел үш жылға сотталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қалалық сотында Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігіне (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) сәйкес айып тағылған әйелге қатысты үкім шықты.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, әйел мас күйінде биылғы наурыз айынан бастап бірге тұрып келген бұрынғы жұбайымен сөзге келген.
Жанжал барысында әйел ас үй пышағын алып, жәбірленушінің оң жақ жауырын тұсына бір рет соққы жасаған. Салдарынан ер адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірілген.
Сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындады.
Жаза тағайындау кезінде сот оның кәмелетке толмаған баласының болуын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
- Сот үкімімен әйел Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Аталмыш кодекстің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес оның жазасын өтеуі 1 жыл мерзімге кейінге қалдырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы мүмкін, - деп хабарлады БҚО сотының баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да азаматтық некедегі күйеуін өлтірген әйелдің 10 жылға сотталғанын жазған едік.