Оралда дүкен тонаған қарақшылар алысқа ұзамады

ОРАЛ. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Орал қаласында «Алло» дүкенінде 13 тамыз күні орын алған қарақшылық шабуыл үш күн ішінде ашылды.

Оралда дүкен тонаған қарақшылар алысқа ұзамады

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарланғандай, 20 жасар сатушы полицейлерге сағат 23.45-те дүкенге бетперде киген ер адам кіріп, оны қарумен қорқытып, 250 мың теңге, «Билайн-Акция» маркалы үш ұялы телефон, 15 дана USB модемін, 10 компьютер флеш-картасын ашықтан-ашық тартып алып кеткенін айтқан. Жедел іздестіру шаралары барысында Орал қаласының 28 жасар екі тұрғыны ұсталып, уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. Ақсай қаласының 27 жасар тұрғынынан ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алынды. Ұрланған ақша мен заттар кейін қайтарылды.

Сол секілді 15 тамыз күні кешкісін «Карина» дүкені жанында 31 жасар әйел тоналды. Жас жігіт оның 12 мың теңгесі мен банкомат карточкалары бар әмиянын тартып алған. Бұл қылмыс та ізі суымай ашылып, Қаратөбе ауданының 24 жасар тұрғыны қолға түсті.