17:52, 02 Қараша 2017 | GMT +5
Оралда дүкенге қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 1 қараша күні сағат 17.30-да қаланың орталығында орналасқан дүкендердің біріне бетперде киген екеу басып кіріп, пышақпен қорқытып, кассадан 50 мың теңге алып кеткен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция майоры Динара Әбділқалықованың айтуынша, жол-патрульдік батальоны қызметкерлері қылмыстың ізін суытпай, Зеленов ауданының 1998 жылғы тұрғынын қолға түсірді. Уақытша оқшаулау изоляторына қамалған одан бетперде, ақша, пышақ тәркіленді. Зеленов ауданында тұратын 1997 жылғы екінші күдікті анықталып, іздестірілуде.
ҚР ҚК 192-бабы 2-бөлігіне (қарақшылық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, Абай полиция бөлімі тергеу амалдарын жүргізуде.