Оралда Елбасы өкілеттігін ұзарту мақсатында референдум өткізуді қуаттаған тағы бір жиын өткізілді
ОРАЛ. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 28 қаңтарда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Елбасы өкілеттігін ұзарту мақсатында референдум өткізу мәселесіне арналған митингі өткізілді.
Оған аталмыш оқу орнының студенттері ғана емес, Батыс Қазақстан медициналық колледжі, Зачаган кентіндегі мекеме-ұйым, кәсіпорындардың өкілдері де көптеп қатысты.
Елбасының биылғы Жолдауымен тұспа-тұс келген жиында сөз алған университет ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов, студент-жастар елімізде білім беру саласында жаңа бағдарлама қолға алынып, тың міндеттер жүктеліп отырғанын айтып, мұны орындауға өздерінің дайын екендіктерін білдірді. Жаңа Жолдауда да Президент жоғары оқу орындары алдында тұрған мақсат-міндеттерді саралап берді. Әсіресе, кәсіби-техникалық білім беруді толықтай жаңарту қажеттігін атап көрсетті. Сол сияқты асыл тұқымды мал шаруашылығын жолға қойып, жоғары сапалы ет өндірудің де маңыздылығына тоқталды. Мұның асыл тұқымды мал шаруашылықтары мәселелерімен тікелей айналысатын аталмыш университетке тікелей қатысы бар.
Референдумды өткізу жөніндегі БҚО бойынша бастамашыл топтың жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Бауыржан Тұмановтың айтуынша, осындай жиындар ұйымдастыру кезінде Елбасы саясатын қолдаушылардың күн сайын көбейіп келе жатқанына көз жетіп отыр. «Біз өткен жылы 23 желтоқсанда Өскемен қаласына жиналып, Елбасы өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту жөнінде бастама көтерген едік. Осы бастама бүгінде бүкіл халық қолдаған қозғалысқа айналды», деді ол.