Оралда Елбасы өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізуді қолдаған митинг өткізілді
ОРАЛ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласындағы орталық Абай алаңында 27 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту мақсатында референдум өткізуді қолдауға арналған митингі өткізілді.
Он мыңдай адам қатысқан жиынды БҚО бойынша бастамашыл топтың жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Бауыржан Тұманов ашып, референдум өткізу мәселесін батысқазақстандықтардың да қызу қолдап отырғандығын атап көрсетті. Бұған облыс бойынша 160 мыңнан астам адамның парақтарға өз қолдарын қойғаны дәлел.
Митингіде еңбек ардагері, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, облыстық мәслихат депутаттары, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Тұяқбай Рысбеков, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ бас директоры Вячеслав Валиев және басқалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын толық қолдайтындықтарын айтып, 2020 жылға дейін Қазақстанның тұңғыш Президенті елді басқара беруі қажеттігін атап көрсетті. Митингі облыс өнерпаздары қойған концертке ұласты.