Оралда Елбасы жүлдесі үшін самбодан өткен әлем кубогі кезеңінде қазақстандық балуандар үздік өнер көрсетті
ОРАЛ. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше кешкісін Оралдағы жабық мұз айдыны сарайында аяқталған ҚР Президенті жүлдесі үшін самбодан және әскери самбодан әлем кубогі кезеңі қазақстандық балуандардың жеңісімен аяқталды.
Командалық есепте ресейліктер екінші, болгариялық балуандар үшінші жүлдені еншіледі.
Жарыстың екінші күні әйелдер мен ерлер арасында төрт-төрттен және әскери самбодан екі салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды. Әйелдер арасында ресейліктер Анна Харитонова (52 кг), Анастасия Шинкаренко (60 кг), Марина Мохнаткина (68 кг) және қазақстандық Әлия Жылқыбаева (80 кг) жеңіс тұғырына көтерілді. Ерлерден әлемнің төрт дүркін чемпионы, батысқазақстандық Ерболат Байбатыров (57 кг), ресейліктер Никита Клецков (68 кг) пен Эдуард Кургинян (100 кг), қазақстандық Темірлан Иқсанғалиев (82 кг) ешкімге дес бермеді.
Әскери самбодан қазақстандық Бауыржан Ғұмаров (68 кг) пен ресейлік Илья Кокович (82 кг) үздік нәтиже көрсетті.
Самбодан әлем кубогінің кезеңі Оралда өткен жылы да ұйымдастырылған болатын. Биыл да чемпиондарға 3 мың доллардан жүлде берілсе, күміс және қола медаль медаль иелеріне 750 доллардан тиді.
Биылғы додаға 20 елден 300-дей спортшы келді. Тіпті самбо күресі жаңа-жаңа дами бастаған Пәкістан, Сингапур, Непал, Африкадағы Мали елінен де балуандар қатысты.
Алдағы жазда самбодан Оралда Азия чемпионаты өтпекші.