Оралда есірткі заттарын заңсыз өткізумен айналысқан екі тұрғын 7 жылға сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қалалық сотында аса ірі мөлшерде мефедрон психотроптық затының аналогтарын заңсыз өткізген М. және оның танысы Д-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. 

Оралда есірткі заттарын заңсыз өткізумен айналысқан екі тұрғын 7 жылға сотталды
Фото: Polisia.kz

БҚО сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, М. заңсыз табыс табу мақсатында психотроптық заттардың аналогтарын жасырын қоймаларға орналастырып, олардың координаттарын белгілеп отырған. 

Сатып алушыларды табу үшін ол танысы Д-ны тартып, Telegram мессенджері арқылы сату ісіне көмектесуді ұсынған. Д. өзінің әрекеттерінің заңға қайшылығын түсіне отырып, келісім берген және сатып алушыларға қоймалардың орналасқан жері туралы мәліметтерді жеткізіп отырған. 

Жедел іс-шаралар барысында Д. жасырын қызметкермен байланыс орнатып, оған мефедрон психотроптық затының аналогы салынған 5 зип-пакет жасырылған қойманың координаттарын жолдаған. Аталған зат тәркіленіп, сараптамаға жіберілген.

Бұдан бөлек, М-ның тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту кезінде оның жеке тұтынуы үшін заңсыз сақтаған ұнтақ тәрізді зат табылған.

— Сот М-ны ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары және 296-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Ал Д-ны ҚР ҚК 28-бабы 5-бөлігі мен 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары бойынша айыпты деп тапты. Оларға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көлікті мас күйінде жүргізген полиция қызметкерінің жүргізушілік құқығынан айырылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар