Оралда «EXPO-ны қарсы аламыз!» атты І гранд-балы өтеді (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 19 желтоқсан күні Орал қаласындағы Салтанат сарайында «EXPO-ны қарсы аламыз!» атты І гранд-балы өтеді. Бұл туралы балдың PR-менеджері Алпамыс Шәрімов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш кең ауқымды шара БҰҰ, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы, «АL» event және «Дара Медиа Групп» компаниясы, сондай-ақ БҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Балға 200 адам қатынасатын болса, соның 50-і - VIP қонақтар, 50-і - БАҚ өкілдері. 100 адам 18-29 жас аралығындағылардан алдын ала кастингтен іріктелініп алынады. Бұған жастар қоғамдық бірлестіктерінің белсенділері мен студенттер қатыса алады. Қорытындысында 50 жігіт, 50 қыз таңдалады. Алдын ала мәлімет бойынша 1 қараша күні облыстық қазақ драма театрында өтетін кастингте жастар биімен және зияткерлік қасиетімен ерекшеленуі тиіс. Содан кейін кастингтен өткендерге Астана мен Алматы опера және балет театрларының мамандары дәріс беріп, полонез, Вена вальсі сынды билерге үйретеді.
Гранд-балдың ең үздік қатысушылары ЭКСПО-2017 көрмесіне волонтерлер ретінде барады. Аталған шара Оралдан бөлек Қызылорда мен Шымкент қаласында да өтпекші. Мұндағы басты мақсаттың бірі қайырымдылық болғандықтан, түскен қаржы құлағы естімейтін және көзі көрмейтін балаларды қолдауға бағышталады. Гранд-бал қонақтары қатарында биылғы «Славян базарының» бас жүлдегері Димаш Құдайбергенов, талай сахнада өнер көрсеткен «Астана Опера» театрының солисі Азамат Жылтыркөзов, «Турквижн» халықаралық байқауының бас жүлдегері Жанар Доғаловалар аталуда. Килиманджаро тобы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ән орындаса, кешті белгілі актер Мүсілім Тәуекел мен «Қазақстан» ұлттық арнасының жүргізушісі Жайнагүл Төлемісова жүргізбекші.