Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оралда гендерлік саясат мәселесіне арналған семинар өткізілді

ОРАЛ. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының мәжіліс залында ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен гендерлік саясатқа қатысты жобаны жүзеге асыруға арналған семинар өткізіліп, онда отбасы, ана мен бала бақыты, ерлер мен әйелдердің тең құқығы туралы кеңінен әңгіме болды,

Оралда гендерлік саясат мәселесіне арналған семинар өткізілді

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде зорлық-зомбылыққа қатысты 20 дағдарыс орталығы бар. Алайда ондай орталық БҚО-да әлі құрылмаған. "Қазақстанның дағдарыс орталығы одағы" заңды тұлғалары бірлестігінің басқарма төрайымы Зүлфия Байсакованың Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жолындағы насихат жұмысын БҚО-дан бастауының бір себебі де осында болса керек.

Статистикалық мәліметке қарағанда, елде жыл ішінде 500-дей әйел тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Ал облыстардағы дағдарыс орталықтарына әр түрлі жастағы адамдардан бес мыңға дейін қоңырау шалынады. Сондықтан дағдарыс орталығын құру, тіпті болмағанда қиын сәтте пана болар бір орынның қажеттігі әлдеқашан туындағаны айдан анық. Осы семинар жұмысына негізінен белсенді ҮЕҰ жетекшілері, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысқандықтан, отбасындағы кикілжіңнің алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ашық әңгіме болды.

Тағы бір жағымды жаңалық, тамыздың 25-інен батыс аймаққа арналып, ҚР Мәдениет министрлігінің әлеуметтік маңызды жобасы аясында "Отбасы. Дәстүр. Сәби" атты фотосурет конкурсы жарияланған. Байқауға суреттер биылғы қазанның 11-іне дейін қабылданып, қазанның 20-сында Ақтөбе қаласында қорытындысы шығарылады.