Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оралда халықаралық Надиров оқулары өткізілді (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы ғимаратының үлкен залында «Мұнайгаз кешенінде қуат үнемдеу және баламалы энергетика» мәселелері бойынша ХІІ халықаралық Надиров оқуларының пленарлық мәжілісі өткізілді.

Оралда халықаралық Надиров оқулары өткізілді (ФОТО)

Оған белгілі химик-ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан ғылымы мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Надир Надиров қатысып, мұндай жиынның ғылым үшін, қазақстандық және ресейлік ғалымдардың бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа идея-жобаларды жүзеге асыруы үшін орны айрықша екендігін атап көрсетті.

БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың айтуынша, осындай жиындарда жаңа ой-идеялар туындап, шығармашылық ізденістерге жол ашылады. 2001 жылдан бері өткізіліп келе жатқан халықаралық Надиров оқулары ғылымдағы ықпалдастықтың қазіргі заманғы үлгісін қалыптастыруды көздейді. Әсіресе, мұнайгаз саласындағы ғылыми-техникалық, экологиялық мәселелерді шешу ерекше мәнге ие. Ғылым терең де қажырлы еңбек-ізденістерсіз алға басуы мүмкін емес. Сондықтан заман ағымына ілесу үшін ғылымға негізделген жаңа технологияларды енгізе білудің маңызы зор.

Орал қаласында осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған форумға Қазақстанның өзге өңірлерінен, сондай-ақ Ресейдің көршілес облыстарынан ғалымдар келді. Олар екі күнге созылған жиын барысында пленарлық мәжіліс пен секциялық отырыстарда өз ой-толғамдарымен бөлісіп, тың ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Надиров оқулары кезінде батысқазақстандық кәсіпкер-ғалым, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы БҚО филиалының төрағасы, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің президенті, техника ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихаттың депутаты Ақсерік Әйтімовке аталмыш академияның алтын медалі табыс етілді.