Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оралда «Халықтық ІРО» бағдарламасын түсіндіретін промо-нүктелер жұмыс істей бастады

ОРАЛ. 21 маусым. ҚазАқпарат - Орал қаласында халық көп баратын бірқатар сауда орындарында, халыққа қызмет көрсету орталығында «Халықтық ІРО» бағдарламасын түсіндіретін промо-нүктелер жұмыс істей бастады.

Оралда «Халықтық ІРО» бағдарламасын түсіндіретін промо-нүктелер жұмыс істей бастады

20 маусым күні Астанадан өңірге іссапармен келген ақпараттық-насихат тобы «Атриум» сауда орталығындағы осындай ақпараттық-насихат орталығында болып, оның жұмысымен танысты.

Еліміз бойынша «Халықтық ІРО» бағдарламасын халыққа түсіндіру жөнінде республикалық акция өтуде. Облыста бұл шаруаны атқару міндеті «БҚО жас ғалымдар кеңесі» қоғамдық бірлестігіне жүктелген. Жақында бірлестік мүшелері Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарына барып, аталмыш бағдарламаны тұрғындар арасында насихаттап қайтты.

Елбасымыз 2011 жылдың ақпан айында «Нұр Отан» ХДП-ның кезекті ХІІІ Съезінде Үкіметке «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның құрамына кіретін ұлттық компаниялардың акцияларын халық арасына шығаруды - «Халықтық ІРО» жасауды тапсырды. Сол жылдың  қыркүйек айында Үкімет бағдарлама қабылдап, 10 ұлттық компанияның акцияларын саттыққа шығару жөнінде шешім қабылдады. Бүгінде «Самұрық-Қазына» Әл-ауқат қоры компаниялардың акцияларын нарыққа шығаруға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Биыл күзде «ҚазТрансОйл» компаниясының, алдағы жылдың басында «КЕГОК»,  2013-2014 жылдары «Қазақстан темір жолы», «ҚазТрансГаз» компанияларының акциялары халыққа ұсынылады. 2015 жылғы соңғы кезеңде «ҚазМұнайГаз», «ҚазАтомПром» ұлттық компанияларының акциялары қор нарығына шығарылады.

«Қазір ел ішін аралап, аталмыш бағдарламаны халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Маусымның 18-інде облыс активімен кездестік. Басқосуға 300-дей адам қатысты. Мұндай шара Бөрлі ауданының Ақсай қаласында өткізілді. Еліміздің барлық өңірлерінде бір мыңнан астам ақпараттық-насихаттық кездесулер өткізіп, дәрістер оқу жоспарланған. Бұдан басқа 14 облыста, Астана мен Алматы қалаларында халық көп жиналатын қоғамдық орындарда дәл осындай ақпараттық-түсіндіру орталықтары құрылуда. Бұл орталықтарда тұрғындарға жұма-жексенбі күндері «Халықтық ІРО» бағдарламасын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», - деді «Самұрық-Қазына» Әл-ауқат қоры ақпаратты талдау департаментінің директоры Марат Әубәкіров.

Оның айтуынша, тәулік бойы кез келген уақытта бағдарламаға қатысты тұрғындар өз сауалдарын қазақ және орыс тілдерінде мына 8800085070 нөмірлі телефоны арқылы қойып, тұщымды жауап ала алады. Телефон шалу тегін. Сайт - www. halyk-ipo.kz.