Оралда индустрияландыру күніне орай шаралар өткізілді
ОРАЛ. 25 маусым. ҚазАқпарат - 24 маусым күні Орал қаласында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен индустрияландыру күніне орай шаралар өткізілді.
Облыс басшысы алдымен «Попков А.Б.» шаруа қожалығының өндіріс орнында болды. Мұнда тоқаш және алты түрлі вавель өнімін өндіру жобасы жүзеге асырылуда. Тоқаш өндіретін жабдық орнатылып, дайын тұрса, көп ұзамай вафель шығаратын орын да іске қосылмақ. Жоба қуаты жылына 2534 тонна өнім болса, құны - 344 млн. теңге. Құрылыс кезінде 30 адам еңбектенсе, соншама адам іске қосылған кезде тартылмақ. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес вафель өнімдерін өндіруге арналған желіні іске қосуға қажетті 294 млн. теңге несиенің пайыздық мөлшерлемесіне демеуқаржы көрсетілмек. Бұл жоба 2012 жылдың екінші жартыжылдығында жүзеге асырылмақ.
Әкім аялдаған екінші нысан - «Алтимстройдеталь» ЖШС-ның ұсақ дисперсті қоспадан есік пен жиһаз шығаратын цех. Германдық «Хомаг» және итальяндық «Орма» фирмаларының қазіргі заманғы жабдықтарымен жылына 6 мыңға дейін жоғары сапалы есік пен жиһаз, сондай-ақ басқа да өнімдер шығаруды көздейтін жоба 2010 жылғы екінші жартыжылдықта іске қосылған болатын. Қазіргі кезде 170,8 млн. теңгеге 4758 дана есік, 9182 жиһаз (жобалық қуатының 82 пайызы) дайындалған. Мұндай өнімдер Қытай, Ресей сынды елдерден әкелінетін. Жоба құны - 250 млн. теңге, 18 жұмыс орны ашылған. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында кәсіпорын алған 85 млн. теңге несиеге қолдау көрсетілген.
Осы күні «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы ғимаратының конференц-залында өңірдегі кәсіпкерліктің даму мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысы болды.
Онда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары Алтай Көлгіновтің айтуынша, биыл Батыс Қазақстанда құны 5,2 млрд. теңге тұратын 10 жоба жүзеге асырылып, 425 жұмыс орны ашылмақшы. Соның төртеуі (3,1 млрд. теңге, 300 жұмыс орны) бірінші жартыжылдықтың үлесіне тиеді. Үдемелі индустрияландыру-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес өткен жылы шикізаттық емес саладағы өнім көлемі 8,2, өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі 0,7 пайызға артты. Соңғы екі жылда бюджетке 256 млрд. теңге салықтық түсімдер құйылды. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына орай облыста 109 жоба мақұлданып, 670 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта мыңдаған жұмыс орнын ашу көзделуде.
Дөңгелек үстел отырысында сондай-ақ «Атамекен» одағы ұлттық-экономикалық палатасы БҚО филиалының жетекшісі Айнагүл Ақашаева, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалының директоры Әлия Сәлиева және басқалар кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірлесіп жұмыс жасау қажеттігін айтып, ой-пікірлерін өрбітті.