Оралда Исатай-Махамбет ескерткіші бой көтермек

Алматылық белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, республикалық және халықаралық көрмелердің лауреаты, кезінде В.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген Болат Досжановтың айтуынша, биыл жазда Исатай-Махамбет ескерткішіне мүсіншілер арасында республикалық конкурс жарияланған болатын.
«Әрине, Исатай-Махамбет ескерткішінің еліміздің батыс қақпасы саналатын Оралда орнығуы өте орынды. Бұл көкірегінде оты бар, ұлтын сүйіп, елін құрметтейтін әр азаматтың көптенгі арманы деуге болады. Осы қос тұлғаны жылдар бойы зерттеп, жүректен өткізген жандардың бірі ретінде осы байқауға мен де қатыстым, - деді Б.Досжанов.
Шілде айының соңында байқаудың облыстық кезеңі өтіп, онда мен жасаған Исатай-Махамбет мүсіндік композициясы жоғары бағаланды. Содан кейін Астана қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде ескерткіштер жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында менің жобам үздік деп танылды. Қазіргі таңда ескерткіштің техникалық және басқа мәселелері нақтылану үстінде.
Айтары жоқ, бұл жаңалық осы мәселені қозғап жүрген, тәуелсіз еліміздің өткенін зерделеп, ертеңін ойлайтын жандардың бәрін қуантады. Бұйырса, Исатай мен Махамбеттей қос батырдың тұлғасы Ақ Жайықта асқақтап, барша адамға рух, күш-жігер беріп тұратыны хақ. Болат Сапарұлы, осынау абыройлы ісіңізге сәттілік тілей отырып, өз өмір жолыңыздан да хабардар ете кетсеңіз?
Әр адам бала кезінде сурет салуға әуес болады ғой. Алматы облысы Іле ауданында 1945 жылы дүние есігін ашқан мен де бала жасымнан шимайлап сурет салатынмын. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде сынып безендіру жұмыстарына жақсы араластым. Мұғалімдердің берген тапсырмаларын қалтқысыз орындап мейрам сайын қабырға газеттерін шығаратынмын. Күні кешегідей әлі көз алдымда, жоғары сыныптарға көшкен кезім еді, біздің мектепке қазақтың кәсіби тұңғыш мүсіншісі, Қазақстанның халық суретшісі Хакімжан аға Наурызбаев келді. Менің салып жүрген жұмыстарымды көріп, өзінің шеберханасын көруге шақырды. Шеберханадан көптеген жұмыстардың эскиз, макеттерін көрдім. Қызығушылығым артты, ағайдың ықпалы да шығар, хирург боламын деп жүрген арманымнан айнып, мүсінші болам деп шештім сол жерде. Алматы сурет училищесін бітірген соң, Мәскеудегі В.Суриков атындағы көркем¬сурет институтынан білім алып, мону¬мен¬-талды мүсін өнері мамандығын алып шықтым.
-«Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дейді, ендеше, ұстаздарыңызды еске алып өтсеңіз?
-Әр шебердің артында үлкен бір мектеп, дәстүр тұрады. Мәскеуде академик Михаил Федорович Бабуриннен білім алдым, ол әлемге аты мәшһүр мүсінші Александр Терентьевич Матвеевтен, ал Матвеев есімі аңызға айналған тұлға - Мансурдан білім алған екен. Сондықтан, өзімді Мансурдың «шөбересімін» деуге құқым болар. Алматы сурет училищесінде дәріс берген ұстаздарымды да ұмытпаймын.
Мәскеудегі дипломдық жұмысымның тақырыбы «Құрманғазы» еді. Ұстазым осы тақырыпты алғанымды онша қаламады. Бірнеше рет өтініп сұрап көріп едім, келіспей қойды. Менің миымнан Құрманғазы бейнесі мүлдем шығар емес. Не істеу керек? Біраз толғанып, бабамыздың шығармаларын бұл кісіге тыңдатып көрсем деген ой келді. Сол үшін поезбен арнайы Алматыға келіп, күйтабақты тауып, Мәскеуге апардым. Ұстазыма «Сарыарқа» күйін тыңдаттым. Дана адам ғой, Михаил Федорович күйді бар жан-тәнімен тыңдады, біраз үнсіздіктен соң «Бұл адам жай музыкант емес, үлкен философ екен, жұмысыңды баста» - деді де, шығып кетті. Сол ғажап көрініс әлі көз алдымда.
Осылайша, Құрманғазыдан басталған, тарихи тұлғалар бейнелері менің негізгі тақырыбыма айналды. Оның бәрін айту қажет емес шығар, тек соңғы жылдарда жасаған еңбектеріме тоқталайын. 1999 жылы Петропавл қаласында А.С.Пушкиннің туғанына 200 жылдығына арнап ескерткіш ашылды. Мү¬сін екі метрден аса гранит мәрмәр тұ-ғыр¬дың үстіне қойылған, жалпы биік¬тігі үш метрден асатын монумент. Сол қаладағы тағы бір мүсін - Қара¬сай мен Ағынтай батырларға ар¬нал¬ған композициялық шығарма. Бұл ескерткіш Погодин атындағы орыс драма театрының алдына, яғни театр алаңына қо¬йыл¬ды. Қоладан құйылған ескерткіште қазақтың хас батырлары Ағынтай мен Қарасай иық тіресіп тұр.
Тарихи деректерге сүйенсек, Қара¬сай мен Ағынтай арасындағы достық олардың талай жеңіске жетуіне себеп болған. Қашан да адамды іл¬ге¬рі жеңіске жетелейтін мызғымас достық, айырылмас құшақ екендігі белгілі. Талай жауға бірге шапқан, айырылмас дос болған қос батыр ерлік¬терін осы композицияда барынша көрсетуге тырыстым. Сәтті шыққан туынды болса керек, аталмыш батырлар бейнесінің сувенирлік түрі шығарылып, қазір елге келген сыйлы қонақтарға тарту ретінде ұсынылып жүр.
2010 жылдың жазында Астанада жеті метрлік тас тұғырда аспанмен астасқан алып тұл¬ға, қазақтың ұлы ақыны Абайдың ескерткіші ашылды. Мұны көп ізденістің, еңбектің жемісі деп білемін. Және бір айтарым, бұл бүгінгі таңдағы еліміздегі ең үлкен ескерткіш болып табылады.
2011-2012 жылдары Елордада «Қазақ елі» мону-мен¬ті өмірге келді. Бұл мүсінде қазақ тарихындағы батырлар мен хандар, жазушылар мен ақындар, аналар мен арулардың бейнесі кең көрініс тапқан. Осынау авторлар ұжымымен дүниеге келген үлкен композицияда қолтаңбамның болғандығына қуанамын.
-Сіз Ақ Жайық өңіріне барынша жиі келесіз. Осы орайда Оралда орнатылған мүсін-ескерткіштер жөнінде не айтар едіңіз?
Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Орал - көрікті де тарихи қала. Әуелден өзіндік сәулет өрнегі бар, даму үдерісі жақсы. Осы жолы да өз әдетіме салып, келісімен, қала саябақ¬та¬ры мен аллеяларына, ғимараттар алдына, көшелерге кө¬рік беріп, көпшіліктің көзайымы болып тұрған ескерткіштердің барлығын қарап шықтым. Ұлы Абай айтады ғой: «Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса, кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау» - деп. Қаладан композициялық шешімі төмендеу ескерткіштер мен шағын пішінді мүсіндерді көрдім. Кейбір мүсіндерді алып, кәсіби тұрғыда дамытып, қайта жасап қойса, дұрыс болар еді. Оған өзімнің бай тәжірибем негізінде ақыл-кеңесімді айтып, тіпті ақысыз жасап беруге де көмектесер едім. Қаланың жаңа шағынауданында үлкен алаң ашылыпты, енді ол әдемілігін жоймау керек.
«Келісіп пішкен тон келте болмас», - дегендей, талғаммен, кәсіби шеберлермен, суретші-мүсіншілермен кеңесе отырып шешу қажет барлығын. Мысалы, белгілі батысқазақстандық суретші Қуандық Мәдір басшылық етіп отырған «БҚО суретшілер одағы» осы мәселелердің басы-қасында болса, еш артық болмас еді. Қазіргі таңда тіпті аудандарда да түрлі мүсіндер орнатылып жатыр, бірақ олар көркемдік талап-талғамға жауап береді деп айту қиын. Сондықтан әр істі бастар алдында соны бүге-шігесіне дейін білетін мамандармен ақылдасып алса, кейін өкініш болмас еді.