Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оралда іске қосылған жаңа ауруханада 182 бала ем алуда

ОРАЛ. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес биылғы жыл басында Оралға қарасты Зачаган кентінде облыстық көпбейінді балалар ауруханасы пайдалануға берілген болатын.

Оралда іске қосылған жаңа ауруханада 182 бала ем алуда

220 төсектік аурухана және ауысымына 120 баланы қабылдайтын емхананың құрылысы мен құрал-жабдықтарына 4 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Іші-сырты бірдей сыңғырлап тұрған ауруханада күні бүгін 182 бала ем алуда.

Бас дәрігердің орынбасары Алмагүл Мұстафинаның айтуынша, өңірде түрлі аурудың алдын алу шарасы жоспарлы жүргізілуде. Соның нәтижесінде балалар арасында асқынған аурулар азайып отыр. Аурухана бес мамандандырылған, бір жалпы соматикалық бөлімнен тұрады. Палаталар екі, ең көбі төрт кереуеттік, әрқайсысында әжетхана, душ бар. Ана мен бала бөлек кереуетке жатады. Ыстық су келіп тұр. Бұрынғы аурухана ғимаратында төртінші қабатқа су қысымы жетпей, баланы жуындыру үшін су ысытылатын еді. Жаңа ғимараттағы жанға жайлы жағдайға ата-аналардың қуанышы шексіз.

Мұнда жаңа туған нәрестеден бастап 15 жасқа дейінгі балалар емделеді. Аурухана жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Соның ішінде жансақтау, хирургия бөліміне бала өмірін сақтап қалуға септігін тигізіп отырған заманауи аппараттар алынған. Жаңа туған балаларға арналған операция үстелі жұмысты әлдеқайда жеңілдетіп отыр. Ерекшелігі - ота кезінде баланың айналасындағы жылуды сақтайды, қол-аяғын бекітіп қояды және хирургке де өте ыңғайлы. Бұрын ота ересектердің үстелінде жасалатын, бала тоңып қалмау үшін грелка қойып, жан-жағын материалмен қоршайтын, ол ота кезінде дәрігерге көп қиындық тудыратын еді. Ал мына үстелде бәрі әзір. Сондай-ақ өкпеге жасанды ауа беретін құралдың 10 түрі алынған. Біреуі 1-3 жасқа дейінгі сәбилерге арналған. Мұндай оттегі бес ота үстелінде және жансақтау бөліміндегі тоғыз кереуеттің бәрінде де бар.

Сәбилер арасында аурушаңдық күз, қыс мезгілінде көбейетіні белгілі. Бірақ өткен жылдарға қарағанда биыл сәбилердің науқастануы сиреді. Керісінше оқыс оқиғалар бар. Соның ішінде итке қабылу өте көп.

Облыс бойынша ас қорыту жүйесі, тыныс ағзалары, ОРВИ, бронхит, пневмония аурулары алда тұр. Күні бүгін ауруханада өте ауыр халде жатқан балалар да бар.

Дәрігердің айтуынша, республика бойынша жаңа туған нәрестелер хирургиясын жақсарту қолға алынуда. Өткен жылы 19 нәресте операциядан өтіп, 12-сі шетініп кеткен. Соның үшеуінің өңеші жоқ. Бұл сәбилердің бәрі 1,5 келі шамасында шала туғандар. Яғни ішкі ағзалары әлі дұрыс қалыптаспағандықтан, ота жасалса да, әрі қарай дамып кете алмайтын көрінеді.

Баланың өмірге шала келуінің себебі анасының саулығына байланысты. Жүкті әйелдер арасында жатыр іші жұқпасы көп. Жүктілік кезінде іштегі шаранаға әсер ететін себепті әйелді вирустық препараттармен емдеуге болмайды. Балалар цитомегало, қарапайым герпес, токсоплозмоз, хламидиоз вирустарымен дүниеге келуде. Мысалы, цитомегало жұқпасы балада ми, жүрек ақауларын тудырады. Сондықтан болашақ ана жүктіліктің алдында денсаулығын тексертуі қажет.

Дәрігердің айтуынша, жылына 150 нәресте туа бітті кеселмен өмірге келуде. Соның 30 пайызы - жүрек ақауы. Кей сәбиге бір емес, 2-3 отадан өту керек болады. Бір қиындығы - ота жасату үшін Астана мен Алматы қаласындағы институттарда кезекте тұру қажет. Сондықтан баласының өмірін сақтап қалу үшін ата-ана Самара қаласына баруға мәжбүр. Ал ондағы операцияның құны 1 млн. теңге шамасында. Бірақ отаны уақыт күттірмей, тез жасайды.

- Ресейге апарам деген ата-ана қаражат жинай алмай, сол екі арада бала жансақтау бөлімінде айлар бойы қиналып жатады. Сәбиге обал-ақ. Жақында облыстық мәслихатқа құжат дайындап, туа бітті ақауы бар сәбилер үшін облыстық бюджеттен қаражат сұрап жатырмыз. Егер берілсе, ол қаржы бүгін ота жасамаса, ертең өліп кету қаупі бар балаларға жұмсалады, - дейді бас дәрігердің орынбасары.

Аурухананың қабылдау бөлімінде күндіз-түні екі дәрігер отырады. Екі аурухананың қосылуына орай бір ауысымдағы кезекшілікте 7 дәрігер жұмыс істеуде.

Аурухана дәрігерлері барлық сала бойынша Алматы, Астана, Санкт-Петербор қалаларында білімдерін жетілдіруде. ҚР Президенті Н.Назарбаев биылғы Жолдауында: «...халықтың мақсатты топтарының денсаулық жағдайын бақылаудың ұлттық бағдарламалары кешенін енгізу қажет. Бірінші кезекте, олар - балалар, жасөспірімдер, бала туу жасындағы әйелдер. Соңғы жылдары бала туу 25 пайызға көбейіп, адам өлімі 11 пайызға азайған», деп атап көрсеткен болатын. Еліміз бойынша бой көтерген көптеген жаңа медицина мекемелерінің бірі - БҚО-дағы жаңа үлгідегі көпбейінді балалар ауруханасы осылайша еңбек етуде.