Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Оралда кәсіби білігі жоғары маман даярлауға арналған республикалық ғылыми-әдістемелік конференция болды

ОРАЛ. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Техникалық және кәсіптік білім жүйесін жаңғырту жағдайында педагог кадрларын даярлаудың рөлі» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция болды,

Оралда кәсіби білігі жоғары маман даярлауға арналған республикалық ғылыми-әдістемелік конференция болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ж.Досмұхамедов атындағы педколледждің ұйымдастыруымен өткен алқалы жиында кәсіптік мектепте білім алатын мамандардың біліктілігін арттыру, техникалық мамандарды қоғам сұранысына орай даярлау сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Екі күнге созылған жиын барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Алма Муйтунова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы президентінің орынбасары Әділхан Дүйсебек, республикалық техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және біліктілікті берудің ғылыми-әдістемелік орталығы бас директорының орынбасары Болат Серімбетов және басқалар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Конференцияда атап өтілгеніндей, Қазақстан жоғары білім алатын студенттер санының көптігімен әлемде алдыңғы қатарды иеленгенімен, мамандардың біліктілігі мен кәсіби деңгейі жағынан аса мақтана алмайды. Көптеген жастың дипломы болғанмен, жұмысы жоқ. Бұл ретте Еуропа елдерінің білім беру жүйесіндегі жетістіктерін назарға алған дұрыс. Оларда оқу орны маманды кәсіпорынның талабы бойынша даярлайды. Мәселен, Норвегияда оқу орны түлектерінің елу пайызы еш кедергісіз жұмыспен қамтылады. Озық елдің үлгісін оқу үрдісіне енгізу, жас маманның кәсіпорында біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасау, жұмыс берушімен байланыстыру оның болашақта жұмыспен қамтылуының басты кепілі болмақ.