Оралда қатерлі ісік ауруының алдын алуға арналған семинар-кеңес ұйымдастырылды
ОРАЛ. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - БҚО онкологиялық диспансерінде скринингтік шараларды ұйымдастыру бойынша семинар-кеңес өткізілді.
Онда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мәншүк Аймұрзиеваның атап өткеніндей, Елбасы Н.Назарбаев ел дәрігерлерінің алдына онкологиялық аурулардың алдын алу, жұмысты одан әрі жетілдіру әрі жалғастыру міндетін қойды. Онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған ұлттық скринингтің 2013 жылдан бастап түрі мен саны өзгеріп жатыр. Жалпы, скрининг мәселесі психологиялық тұрғыдан күрделі. Себебі, халықпен жұмыс істеу керек, денсаулық сақтау қызметкерлерінің басты міндеті - облыс тұрғындарын скринингтік тексеруден өтуге дайындау үшін медициналық мекемеде жұмысты тиімді ұйымдастыру. Жатыр мойыны және омырау безі ісіктері өткен күннің аурулары болса, жаңа жылдан бастап скрининг асқазан, өңеш, бауыр, ерлердің қуық асты безі ісігін анықтайтын болады.
-Президент өз Жолдауында онкология саласында екі көрсеткішті атап көрсетті, - деді облыстық онкологиялық диспансер директоры Есенгелді Рабаев. Бұл - аурушаңдық пен өлім-жітімді төмендету. Осыған орай республикада көптеген жұмыстар жүріп жатыр. Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында асқазан, бауыр, ішектің қатерлі ісіктеріне қарсы пилоттық бағдарламалар жүзеге асырылады. Ісікті алдынғы сатыда анықтау арқылы облыс халқының ең болмаса 70 пайызын тексере алсақ, яғни 1000 адамнан бір ауру тапсақ, бұл - жақсы көрсеткіш.
-Бірақ скринингтен өтуді әр адамға түсіндіру, тұрғындарды аурудың алдын алу үшін ерте қаралуға үгіттеу жұмыстарын жандандыруымыз керек, - деді директордың емдеу ісі бойынша орынбасары Тайман Аманов. Облыс бойынша 6400 науқас есепте тұр. 1276 адам жаңадан есепке алынды. Биыл 50-60 жас аралығындағы 21153 адам скринингтен өтеді. Біздің болжамымыз бойынша соның 5 пайызы ғана науқас болып шығуы мүмкін.
Облыста соңғы жылдары маммографиялық скринингтіктің жақсы жүруіне, яғни ауруды ерте анықтауға орай омырау безі ісігі бірінші орынға шыққан. Кейінгі орындарда өкпе, асқазан және өңеш қатерлі ісіктері тұр.
Биыл бауыр, өңеш, асқазан, қуық асты безі ісігіне алдын ала скринингтік тексеру өтпек. Ерекшелігі - бұл жолда жұқпалы аурулар ауруханасы, кеңестік-диагностикалық орталық, облыстық клиникалық аурухана, жылжымалы кешен және аудандық ауруханалар облыстық онкологиялық диспансермен бірігіп жұмыс істейтін болады.
Семинарға қатысқан дәрігерлер жұмысты тиімді ұйымдастыру, емдеу тәсілдері, онколог мамандарының жетіспеушілігі, халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізу туралы туралы кеңінен пікір алмасты.