Оралда Қазақстан кардиологтары IV конгресі делегаттарының қатысуымен конференция ұйымдастырылды
ОРАЛ. 23 маусым. ҚазАқпарат - 22 маусым күні Батыс Қазақстан облыстық кардиология орталығында өңірлік конференция өткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, конференция жұмысына Қазақстан кардиологтары IV конгресінің делегаттары Н.Жұмағұлова, Н.Қалиева, Э.Сүйеуғазиева, Л.Бөкенбаева, кардиологтар, директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасарлары, алдын алу және психоәлеуметтік көмек бөлімдерінің меңгерушілері, отбасылық денсаулық орталықтарының өкілдері, эндокринологтар, қала және аудандардың жедел медициналық жәрдем дәрігерлері қатысты.
Аталған шара барысында неврологиялық, эндокринологиялық, гастроэнтерологиялық, ревматологиялық, инфекциялық қызметтердің жұмыстарын жетілдіру мәселелері қарастырылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс мамандарымен конференция тыңдаушыларына аталған ауруларды емдеу, диагностикалаудың жаңа әдістері бойынша ақпараттандырудың көкейтестілігі аталып өтілді. Қызметтер арасында жұмыстың тиімділігі мен маңыздылығы да айтылды.