Оралда Қазақстанның ұлттық тарихын зерделеуге қатысты аймақтық кеңес өткізілді

ОРАЛ. 2 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның ұлттық тарихын зерделеу: қазіргі жағдайы және болашағы» тақырыбында аймақтық кеңес өткізілді.
None
None

Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында халықтың ұлттық санасын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына орай биылғы 5 маусымда Астана қаласында Мемлекеттік хатшы М.М.Тәжиннің төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасын жасау ұсынылған болатын.

Өзекті мәселеге үн қосқан аталмыш кеңеске Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстары әкімдіктерінің өкілдері, өңірдегі жоғары оқу орындарының ректорлары мен белгілі тарихшы-ғалымдар қатысты.

Басқосуды ашып, жүргізіп отырған Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов жиналғандарға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Б.Т. Жұмағұловтың телефон арқылы жолдаған құттықтауын жеткізді.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен тәуелсіздік алғалы еліміздің өткені мен бүгіні зерделеніп келе жатқанымен, тарих қойнауында әлі де ашылмаған қатпарлар көп екендігін, сол сырды зерттеп, халыққа ұсыну міндеті тарихшыларға жүктелетінін атап айтты.

«Халық тарихы адамдарды біріктіруі тиіс» тақырыбындағы кеңестің негізгі баяндамасын ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, профессор, философия ғылымдарының докторы Серік Нұрмұратов жасады.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор, тарих ғылымдарының докторы Тұяқбай Рысбеков, Батыс Қазақстан облысы тарих және археология орталығының директоры, профессор, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, профессор, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрболат Қадырғалиев сияқты белгілі батысқазақстандық тарихшылар ұлттық тарихтың өзекті мәселелері, тарихи-мәдени мұраны танып-білудегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі болып табылатын қазақ тарихы туралы ойларын ортаға тастаса, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев Қазақстан тарихы пәнін жоғары оқу орнының студенттеріне І курста емес, болашақ маман ретінде қалыптаса бастайтын ІІІ-IV курстарда оқыту қажеттігі туралы ұсыныс жасады.

Кеңес барысында бұдан басқа Қазақстанның тарих ғылымын алдыңғы қатарлы әдіснама және әдістеме арқылы сапалы жүзеге асыруға жағдай жасау, қазақтың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттық жаңа тарихи дүниетанымды қалыптастыру сияқты мәселелер сөз болды. Шара соңында қатысушылар кеңестің қарарының жобасымен танысып, өз ұсыныстарын білдірді.

Мәртебелі меймандар студенттік қалашықты аралап, университеттің ғылыми зертханаларымен танысты.

Соңғы жаңалықтар