Оралда Көктерек ауылдық музейінің көрмесі ашылды
ОРАЛ. 2 маусым. ҚазАқпарат - 1 маусым күні музей саласында тәжірибе алмасу, облыстағы мемлекеттік және қоғамдық музейлердің деңгейін көтеру, тарихты зерттеп-зерделеуге жас буынды тарту мақсатында БҚО тарихи-өлкетану музейінде «Музейлер - халық қазынасы» жобасы аясында Көктерек ауылдық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі ашылды.
Онда облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырхановтың атап өткеніндей, аталмыш жоба мәдени мұра мен ұлттық құндылықтарды сақтау мақсатында жүзеге асуда. Музей қызметкері - патриоттық сезімі жоғары, ұлтына қызмет ететін, еңбегі маңдай термен өлшенетін адамдар. Қазталов ауданының Көктерек ауылында 1975 жылы ашылған музей бүгінде облысқа ғана емес, республикаға да белгілі. Облыс музейіне Сара Танабаева ұшан-теңіз еңбек сіңіріп, бүкіл саналы өмірін осы салаға жұмсаса, Көктерек музейі ашылған күннен бері оның өркендеуіне тер төгіп келе жатқан Төлеген Сейіткереев сияқты ардагерлердің соңынан ерген жастар өлкеміздің тарихын тірнектеп жинауда.
Алғашында жауынгерлік даңқ музейі болып мектептің бір класында ашылған Көктерек музейі бүгінде ауыл ортасында екі қабатты үйде орналасқан. 2008 жылы БҚО тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып, мемлекеттік дәреже алған музей қорында 4,5 мың жәдігер бар. Атап айтсақ, тарихи құндылығы жоғары жәдігерлер қатарында XVII ғасырдағы шолақ қылыш, батырдың сауыты, сақ дәуіріндегі жебенің, найзаның ұштары, шақша, ат кісен, XVIIІ ғасырдағы ыдыс-аяқтар, XX ғасырдағы көктеректік зергерлер - Жұбатқанның самаурыны, Өзираның білезігі мен Ғарифолланың қасықтары, 1893 жылғы немістің тігін машинасы, Иорданиядан әкелінген құран бар. Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаевтың жазушы Э.Ғаббасовқа сыйлаған қол сағаты да осы музейде. Көктеректік соғыс ардагері Мәнти Айтжановтың қолына қадалған оғы да көрменің төрінен орын алған. 1943 жылы Харьков маңында жараланған жауынгер оқты 63 жыл бойы өз денесінде «сақтауға» мәжбүр болды. 2006 жылы білгір дәрігер Есенгелді Рабаев ота жасап алған оқ - соғыс жылдарынан жеткен құнды жәдігер.
Көрменің салтанатты ашылуынан соң, 36 жылдан бері Көктерек музейінің өркендеуіне тер төгіп келе жатқан ҚР еңбек сіңірген мұғалімі Төлеген Сейіткереев әр жәдігердің тарихына тоқталып, Жалпақтал өңірінің тарихын әңгімелеп берді.