Оралда көліктен 400 литрге жуық заңсыз алкоголь өнімі табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Оралда полицейлер 400 литрге жуық заңсыз сақталған алкоголь өнімін тәркіледі, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Орал қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері автокөліктерді тексеру барысында көліктердің бірінен алкоголь өнімдерін заңсыз сақтау фактісін анықтады.
— Тексеру кезінде автокөліктен: көлемі 5 литрлік 70 бөтелке; көлемі 1 литрлік 1 бөтелке; көлемі 0,5 литрлік 12 бөтелке және басқа да алкоголь өнімдері анықталды. Барлығы 83 алкоголь өнімі тәркіленіп, олардың жалпы көлемі 400 литрге жуық болды. Жинақталған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті органдарға жолданды, — дейді тәртіп сақшылары.
Полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ оларды сақтау мен өткізуге қатысты белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Бұған дейін онлайн платформаларда алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынғанына қатысты материал жазғанбыз.